Қоғам

Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі есеп берді

26 млрд теңге инвестиция тартылып, көл-көсір астық жиналған, 78 шақырым жол жөнделіп, жалақы көлемі артқан. Бүгін Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі Ағзам Тастеміров қаңтар-қазан айлары аралығында атқарылған істі журналистерге баян етті. Атқамінердің сөзінше жыл басынан бері тұрғындардың тұрмыс деңгейін жақсарту бағытында әжептеуір жұмыс атқарылыпты. Келер жылы да біраз шаруаны тындыру жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы бірнеше бөлімнен тұрады. Оның әрқайсысының халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғаны мәлім. Бүгінгі күні саяси маңызды құжатта көрсетілген міндеттер Ғ.Мүсірепов ауданында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, мұндағы жалақы көлемі өңір аудандары ішінде ең жоғарысы екен.

Ағзам Тастеміров – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Жалпы, аудан бойынша жалақы 119 мыңды құрайды. Табысты үнемі қарап отырамыз. Өзіміздің комиссиямыз бар.

Қаңтар-қазан айлары аралығында ауданда ауыл шаруашылығы саласында бірқатар шаруа атқарылды. Нәтижесінде 89 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 23 млрд-қа көп. Өнімділікті артырып, жұмысты жеңілдету үшін тегеурінді техника қажет. Сол себепті, ауданда 236 бірлік су жаңа көлік сатып алыныпты. Келер жылға жоспар дайын. 2020-да облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасына сай әрқайсысы 600 басқа шақталған 2 бірдей сүт-тауарлы кешен тұрғызылады. Оның бірін “Возвышенка-СК” серіктестігі тұрғызады. Іске 2 млрд теңгеден аса қаржы бағытталмақ.

Ағзам Тастеміров – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Екінші нысанды “Астық-Привольное” ЖШС тұрғызады. Жоба құны 1,9 млрд теңгені құрап отыр. Жоба 2 жылдың ішінде жүзеге асады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылды жерлердегі инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөлеміз деді. Бұл бағытта біраз шаруа тындырылып жатыр. Мәселен, биыл Ғабит Мүсірепов ауданында 78 шақырым жол жөнделді, 3,8 км су құбыры қалыпқа келтірілді. Аудандағы кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары. Үстіміздегі жылы іскер жандардың бірі өз қаржысына Возвышенка селосындағы үйлердің 95 пайызына су тартқан. Тіпті, газ да жеткізіпті.

Ағзам Тастеміров – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Газ үйлерге таратылып жатыр. Көгілдір отынға 40 үй қосылды. Бұл жұмыс әлі де жалғастырылады.

Президенттің сайлауалды бағдарламасында ауылдарды интернетпен қамту жайы да айтылды. Бұл мәселе өңірімізде өзекті тұр. Қазір Ғ.Мүсірепов ауданындағы 3 ауылдық округте байланыс нашар. Бүгінде елдің талқысындағы проблеманы шешу қолға алынған.

Ағзам Тастеміров – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– 7 елге, ең алысы Шөптікөлге интернет жетті. Осының арқасында бюджеттік ұйымдарға, халыққа интернет қол жетімді болады.

Сонымен қатар, ауданда денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында да біраз шаруа тындырылыпты.

Байболат Бектемірұлы