Қоғам

Халыққа мемлекеттік қызмет көрсету оңтайландырылып келеді

Тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету оңтайландырылып келеді. Қазіргі күні өңір азаматтары қажетті құжаттардың 580 түріне онлайн және мобильдік қосымша арқылы қол жеткізіп жүр. Сонымен қатар, халыққа қызмет көрсету орталықтарында орналасқан Connection Point секторлары да бар. Мұнда тұрғындар жыл басынан бері 340 мыңға жуық қызмет түрін алыпты.

Жылдам әрі қолжетімді. Облыс бойынша мемлекеттік корпорацияның 18 фронт-кеңсесі жұмыс жасап тұр. 5-уі Петропавлда орналасқан. Соңғы 10 айдың ішінде халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары өңір тұрғындарына 590 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсетіпті. Сонымен қатар, фронт-кеңселердің ішінде Connection Point секторлары бар. Яғни, әр адам келіп маманның көмегінсіз өз қолымен қажетті мемлекеттік қызмет түрін ала алады.

Серік Бейсенов – «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:

– Мемлекеттік қызметтер реестрі 723 қызмет түрін қамтиды. Оның 580-ін электронды портал арқылы алуға болады. Құжат алу цифрлы форматқа көшіріле бастағаннан бері орталықтардағы ұзын-сонар кезек те едәуір азая түсті. Адамдардың көбісі цифрлық қолтаңба алу үшін ғана келеді. Сондай-ақ, жыл басынан бері өңір тұрғындары Connection Point секторы арқылы 340 мыңға жуық қызмет алды.

Биыл «eGov mobile» қосымшасының жаңартылған түрі іске қосылды. Бұл бағдарламаның көмегімен цифрлық қолтаңбаны бекіту арқылы құжаттың 28 түріне қол жеткізуге болады. Мәселен, базалық зейнетақы мөлшерінің құнын есептеу, адамның сотталмағандығы жөніндегі және жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтамалар мен басқа да құжат түрлері.

Серік Бейсенов – «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:

– Мобильдік қосымша өте қарапайым жасалған. Тез түсініп аласыз. Онымен қоса ішінде әр қызмет түрі мен цифрлық қолтаңбаны қалай алу, қалай тіркеу жайлы нұсқаулықтар бар. Сонымен қатар, қосымшаға «Touch ID» мен «Face ID» арқылы кіруге де болады. Яғни, жеке кабинетке кіру үшін саусақ ізі немесе бетті сканерлеу әдісін пайдалана аласыз.

Бұдан бөлек елімізде мемлекеттік қызмет онлайн режимде де қолжетімді. Азаматтар керекті құжаттарын Facebook, Вконтакте желілері мен Telegram мессенджері арқылы ала алады.

Бердімұрат Баймұқан