БілімҚоғам

“Адал ұрпақ” клубтарының белсенділері бас қосты

Қазіргі қоғам кеселі – парақорлықпен күреске білім ошақтары кеңінен тартылуда. Бүгінде әр мектепте “Адал ұрпақ” клубтары жұмыс істейді. Бұл ұйымдарға облыс бойынша 20 мыңдай оқушы мүшелік етеді екен. Олар қатарластарын / бойын жемқорлықтан аулақ ұстауға үгіттеп жүр. Өлкедегі бұл қозғалыстың белсенді мүшелері бүгін Назарбаев Зияткерлік мектебінде ауқымды форумда бас қосты.

Парақорлыққа қарсы төзімсіздікті балалық шақтан қалыптастыру керек. Мектептерде “Адал ұрпақ” клубтарын құрудағы мақсат та осы. “Балапан ұясында не көрсе, ұшарында соны іледі”, – деген нақыл бар емес пе?! Әйтпесе, адалдық деген ұғымнан бейхабар өскен жеткіншектің есейгенде жемқор болмасы екіталай.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Оқушылар бойында әділдік пен адалдық қасиеттерін қалыптастыру мақсатында “Адал ұрпақ” клубтары арнайы ашылды. Аталған клубтар арқылы балаларымыздың кеудесіне ізгіліктің нұрын сеуіп, жаман індетке, ел экономикасына қауіп келтіретін қылмыстарға қарсы тұру иммунитетін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.

Бұл – оқушылардың басқосуы. Десе де, форум мінберінен ересектер көп сөйледі. Әрқайсысының тілегі бір – тура жолдан таймаңдар.

Бақытжан Тұрсын – “Қызылжар адалдық алаңы” республикалық жобалау кеңсесінің жетекшісі:

-Жемқорлықты жеңу – тек мемлекеттің, белгілі бір жауапты тұлғалардың ғана міндеті емес, ол барша халықтың, мемлекеттің дамуына үлес қосамын деген кез-келген жастың міндеті. Сондықтан, жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру, онымен күресу жолында бір-бірімізді үйрету – кез-келген жастың қолында.

Негізі, “Адал ұрпақ” клубтары өңірдегі 475 мектепте жұмыс істейді қазір. Құрамында 20 мыңнан астам оқушы бар. Форумда олардың қатары толықты. Берекеде жуырда ғана 25-ші мектеп ашылған еді ғой. Сол мектептің 12 оқушысы клубқа мүшелік ете отыра, оқуда да, өмірде де адал боламыз деп ант етті.

Бұл – 13-14 жасар жасөспірімдер. Олар парақорлықтың не кесел екенін толықтай түсіне ме, онымен қалай күреспек ниетте? Сұрап көрдік.

– Егер болашақта саған біреу маған ақша бер, мен сені грантқа оқуға түсіремін десе, сен оған ақша бересің бе?

Фархат Сабыров – “Адал ұрпақ” ерікті мектеп клубының мүшесі:

– Әрине, бермеймін! Себебі, ол үшін жаза қолданылатынын білемін. Пара беру – бұл дұрыс емес, себебі ол адамның өмірін бұзады. “YouTube” желілеріне жемқорлыққа қарсы видеоларды дайындағым келеді, себебі адамдар оны көре берсе, парақорлыққа қарсы өз үлестерін қосады.

Қазір өңірлік білім беру саласында парақорлыққа жол бермеу бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатса керек. Жергілікті колледждер, университет пен мектептердің денінде “академиялық адалдық” принципі ендіріліпті. Мұны облыстың бас педагогы Гүлмира Кәрімова айтты. Сонда бұл нендей принцип?

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

-Ең бастысы – бұл мұғалімдер мен оқушылардың арасындағы жұмыс. Оқушылар өздерін адал ұстаулары керек. Әр тоқсанның соңында бізде бақылау жұмыстары жүргізіледі. Оның барысында кітаптан көшірмеу, бір-біріне адал қарау, көшіргенді көрсе, олай жасауға болмайтынын айту – осындай ең негізгі принциптерден баланың бойында дұрыс құндылықтар қалыптасады.

Бізді толғандыратын тағы бір мәселе бар. Мұғалімдер күні мен 8-ші наурызда ұстаздарға гүл мен шоколад сыйлау дәстүр ғой. Шын ниетімен ырзалық ретінде тарту етілген базарлықты параға жатқызуға бола ма? Тыңдар құлаққа – алтын сырға.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

-Егер де мұғалімге гүл сыйлайтын болса, бұл параға жатпайды. Ол – ішкі ізгілік пен ілтипат, сыйластықты білдіреді. Ал егер оқушы не ата-ана бір қорап кәмпит немесе пакет толы сыйлығын әкеліп жататын болса, әрине ондайға жол берілмеуі тиіс.

9-шы желтоқсанда төрткүл дүниенің жемқорлыққа қарсы күнді атап өтеді. “Адал ұрпақ” ерікті мектеп клубтарының облыстық форумы осы датаға орайластырылған.

Саят Ермек