БалаларМәдениет

Жерлес жас ақындар жүлделі оралды

Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің өкілдері 5 бірдей байдаудан жүлделі оралды. Жерлестеріміз Нұр-Сұлтан, Алматы және Шучинск қалаларында ұйымдастырылған жыр додаларында жеңімпаздар қатарынан көрінді. Кеше ұлттық өнерді ұлықтаған жандар журналистермен жүздесіп, өздері бақ сынаған сайыс жайлы толығырақ баяндап берді.

Жақында Диас Аяған Алматыдан қанжығасын майлап қайтты. Ол қазақтың біртуар перзенті Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған республикалық оқушылар айтысында арнайы жүлдені еншіледі. Осылайша дүйім жұртқа солтүстікте суырыпсалмалық өнердің жоғары деңгейде екендігін дәлелдеді, атақты ақын Ерік Асқаровтың мектебін паш етті. Араға 3 күн салып Нұр-Сұлтаннан ақжолтай хабар жетті. Тағы бір жерлесіміз Алмагүл Тастанова Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған “Мен жалындап өтемін” атты І республикалық байқауда топ жарды. Кіл мықтылар бақ сынған сайыста бұрымды қыз көрнекті ақынның “Мен сонда жылап қалғам” атты өлеңін мәнерлеп оқыпты. Мұны қазылар алқасы жоғары бағалап, 1-ші орынға лайық деп таныған.

Алмагүл Тастанова – Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің шәкірті:

– Аталмыш додада 200-ге жуық қатысушы болды. Оның ішінде мен актерлермен сынға түстім. Қазылар алқасының мүшесі Серікзат Дүйсенғалидың жоғары бағасына ие болдым. Ол кісі поэзияның тулағанын, толқығанын көрдік деп айтты. Менің ойымша, әрбір өнерпаз үшін халықтың берген бағасынан артық дүние жоқ.

Ал Назерке Құдабайдың Щучинск қаласында жұлдызы жанды. Ол шағармашыл оқушылар арасында ұйымдастырылған VI республикалық “Ақберен” өнер байқауында 3-ші орын еншіледі. Сайыста талантты қыз көркемсөз оқу аталымында бақ сынап, Әбділда Тәжібаев жазған “Мәншүктің монологын” оқыпты. Жерлесіміз қазақтың батыр қызының образын ашу үшін біраз дайындалған екен.

Назерке Құдабай – Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің шәкірті:

– Мәншүк апамыздың монологын алған болатынмын. Қазақ театрының режиссері Баатырбек ағаймен дайындалдым. Әр түрлі 3 образда ойнап шықтым. Біріншіде – жаумен сырласу, екіншіде – айналадағы құбылыс, үшіншіде мамасына сезімін білдіреді.

Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің өкілдері мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар қазір түрлі байқауларға дайындалуда. Мысалы, суырып салма ақындар жақында Петропавлда өтетін айтысқа әзірленіп жатыр.

Жарқын Жұпархан – Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің директоры:

– Облыстық ақындар айтысын өткізгелі жатырмыз. Жыр додасында Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің 4 баласы бақ сынайды. Айтыс 8-ші желтоқсан күні өтеді. Келіп, ақындарға қолдау көрсетіңіздер.

Айта кеткен жөн, қазіргі күні Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінде 60-тан аса бала ұлттық өнердің қыр-сырын меңгеріп жүр.

Байболат  Култанов