Желтоқсан айына арналған ауа райы

Ауа райы

21:41 4 Желтоксан 2019

Хабарымыздың соңында ауа райына тоқталайық. Көзді ашып-жұмғанша қыстың бірінші айы да келіп жетті. Алда ел тұрғындарын мереке күндері күтіп тұр.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Желтоқсан – қыстың алғашқы айы және жылдың соңы. Бұрын тұрғындар осы мезгілге қарап алдағы ауа райын болжап отырған. Мәселен, қар көп жауып, қыс қаһарына жиі мінсе, жаз жылулығын төгеді. Егер жауын-шашын көп түссе, өнім берекелі болатындығының белгісі екен.

Қыстың қалай болатыны әркімді алаңдататыны белгілі. Осы орайда қала тұрғындарынан желтоқсан қандай қабақ танытқанын қалайтындарын сұрап көрдік.

– Ауа райы жылы болады деп күтеміз. Қыс жақсы басталса, көңіл-күйде көтеріңкі болады.

– Қыстың аты қыс болған соң қардың жауғаны, әрине, жақсы. Бүгінгідей ауа райы болса өте тамаша болушы еді.

Алайда, ауа райын болжау орталығының мамандары желтоқсанда аяз қаһарына мінеді деп отыр. Бірінші онкүндікте ауа температурасы құбылмалы болады. Сынап бағанасы -13-15 градус аралығын көрсетеді. Бұл нормадан 1 градусқа төмен. Ал жауын-шашынның айлық мөлшері шамадан тыс түсетін көрінеді. Айдың алғашқы жартысы мен үшінші онкүндіктің соңында бұрқасын көтеріліп, қалың қар жауады.

Гүлзат Ғазизова, “Қазгидромет” РММ СҚОФ метеоболжам бөлімінің басшысы:

– Бірінші онкүндікте ауа температурасы түнде -10-15, кей жерлерде 10 градустан 0-5 градус аязға дейін ауытқиды. Үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде -16-дан -37-ге градусқа дейін төмендейді.

Желтоқсан айының үшінші онкүндігінде ауа райы түнде -16-21 градусқа дейін төмендейді. Ал өңірдің кей жерлерінде сынап бағанасы -37 градусқа дейін жетеді. Кейін, -8-13 градусқа дейін біртіндеп жоғарылайтын көрінеді. Ал Жаңа жыл мерекесі алдында қыс қайта қаһарына мінеді.

Тағы да айта кетерлігі, бірінші онкүндікте және айдың соңында тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін. Сондықтан, тұрғындарға мұндай күндері алыс сапарға шығуды сиретіп, жалпы тас жолда абай болғандары жөн.

Маржан Қасымбек

Бұдан әрі оқыңыз

Күн жылынады
Сәуір айына арналған ауа райы болжамы
Өңірде көктайғақ болуы мүмкін