Құқық қорғау органдарыҚоғам

Жәбір көрген әйелдерге көмек көрсету

Петропавлда «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында флеш-моб ұйымдастырылды. Шара барысында полицейлер мен өзге де мамандар жәбір көрген жандарға қолдау танытатын қызметтердің байланыс нөмірлерін ұсынды.

Қазіргі күні қаламызда «Тұрмыстық зорлық-құрбандарына арналған уақытша болу және тұру орталығы» жұмыс істейді. Мұнда жыл басынан бері 29 әйел мен 34 бала жүгініпті. Көп жағдайда келуші нәзікжандылар қиын-қыстау кезде кімге қоңырау шалу қажет, кімнен көмек сұрау керектігін білмейді екен. Осындай мәселенің алдын алу үшін Петропавлдағы сауда орталықтарының бірінде флеш-моб өткізілді. Шара барысында ұйымдастырушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген жандарға қолдау танытатын қызметтердің байланыс нөмірлері жазылған жаднама қағаздар таратты.

Наталья Маркина – “Әйелдерді қолдау орталығы” ҚБ еріктісі:

– Шағын концерт аясында флеш-моб ұйымдастырдық, оқушылар ән айтып, би билеп жатыр. Әйелдермен тілдесіп, қолдау танытатын қызметтердің байланыс нөмірлерін де бердік. Себебі, кейбір нәзікжандылар басына іс түскен кезде қайда жүгінетіндерін білмейді.

Жалпы, жыл басынан бері облыста отбасының шырқын бұзған 1700-ге тарта адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Қазір олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Айгүл Кәрімова – қалалық ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы:

– Тиісті жұмыстар алдағы уақытта да жүргізіледі. Біз проблемалық отбасылармен байланыста боламыз.

Осы орайда әйелдерге құлаққағыс. Тұрғындар үйдегі зорлық-зомбылық фактілері туралы 61-25-30 нөмірі арқылы облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасына хабарлай алады. 39-48-90 нөмірін теріп, қалалық полиция басқармасына мән-жайды жеткізуге болады. Тағы, жәбір көрген азаматшалардың 52-98-86 немесе 8-777-278-52-72 whatsApp нөмірі бойынша дағдарыс орталығына жүгінуге мүмкіндіктері бар. «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы 10 желтоқсанға дейін жалғасады.

Байболат  Култанов