Құқық қорғау органдары

Заңды бұзған шетелдік нөмірі бар көлік иелері анықталып, жауапқа тартылады

Өңірде шетелдік нөмірі бар көлік жүргізушілері көп. Бірақ, олар жол ережесін бұзған жағдайда бұған дейін жауапқа тартылмай келген болатын. Енді олар жауапкершіліктен жалтара алмайды. Бұл туралы полиция департаментінің өкілдері журналистерге берген сұхбатында айтты.

Сапалы әрі жылдам. Биыл өңір полицейлері тұрғындарға 300 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның 95 пайызы электронды түрде жасалған екен. Енгізілген жаңашылдық тәртіп сақшыларының да уақытын үнемдейді, тұрғындар үшін де өте қолайлы.

Думан Таев – СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары:

– Бүгінгі күні полиция департаменті тұрғындарға мемлекеттік қызметтің 30-дан астам түрін көрсетеді. Ал оның ең көбісі көші-қон қызметі тарапынан. Қазірге дейін тұрғындардан ешқандай шағым түспеді.

Цифрлы форматқа ауыстырылған жұмыс жедел әрі қолжетімді ғана емес, бұл ең алдымен жемқорлықтың алдын алады. Қазіргі күні полиция департаменті бұл бағыттағы шаруаны жүйелі түрде дамытып жатыр. Сондай-ақ, биылғы жылы полиция департаментінің барлық аймақтық бөлімшелерінде фронт-офистер ашылды. Мұнда өңір тұрғындары кез келген сауал бойынша келіп кеңес ала алады.

Қазіргі күні өңірімізде 28 мыңнан аса көлік құралы бар екен. Темір тұлпар иелерінің көбісі көліктерін шет елдерден әкеледі. Сол себепті, жол ережесін бұзғандары үшін айыппұл төлемейтін көрінеді. Енді бұл мәселе шешімін тапты. Бұдан былай тәртіп бұзған жүргізушілер жауапкершілікке тартылатын болады. Оларды анықтау үшін арнайы бейнекамералар жұмыс істеп тұр.

Думан Таев – СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары:

– Бұрын ресейлік және армениялық машиналармен біраз мәселе болды. Қазіргі уақытта олар барлығы есепке тұрылады.

Жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуге міндеттелген жүргізушілер қарызды бір аптаның ішінде өтеп үлгерсе, оның жарты сомасын ғана төлейді. Егер мерзімнен асып кететін болса ақшаны толық төлеуге мәжбүр болады.

Бердимурат Баймухан