МТРА жаңалықтарыҚоғам

Облыстық мәслихат депутаты 90 жастағы қарияға монша салып берді

Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет. Бұл қастерлі қағиданы ұмытпаған жергілікті халық қалаулыларының бірі / 90 жастағы тыл еңбеккеріне монша салып берді. Жалғыз тұратын Сәлтай Өмірзақова нысанды жаңартуды көптен бері қалаған екен. Кейуананың арманы 20 күннің ішінде орындалған.

Сәлтай Өмірзақова құрылысы аяқталып қалған нысанды көрген сайын жүзі жадырап, көңілі орнына түседі. Қарияның осыған дейін моншасы болған, бірақ әбден тозығы жеткен екен. Сол себепті, кейуана биліктен нысанды жаңартып беруді сұраған. Бұл өтінішімен егде жастағы жанның барған жері, баспаған тауы қалмапты.

Сәлтай Өмірзақова – тыл еңбеккері:

– “Nur Otan”-ға бардым, өз мәселемді айттым. Жуық арада мәслихатта қоғамдық қабылдау болады, сонда келіңіз деді. Сонда барып едім мұнда мына кісі болды. Онда депутатттар, заңгерлер болды. Сол кезде Рашбиль:”Апа, мен сізге көмектесемін,”- деді. Сөзінде тұрды.

Сәлтай әже айтып отырған азамат – Рашбиль Евдаев. Облыстық мәслихат депутатына ақ жаулықты ана қазан айының соңында «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауында жолыққан екен. Кездесуде кейуана өзінің базынасын жеткізіп, көмек сұраған. Қарияның сөзі жерде қалған жоқ. Қарт ананың жағдайымен танысқан халық қалаулысы уақыт жоғалтпай, бірден іске кіріскен.

Рашбиль Евдаев, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Қария 90 жастамын дегенде бірден көмектесемін деп шештім. Себебі, дүние алма-кезек екенін ұмытпауымыз керек. Менің бұл игі ісім адамнан болмаса да Құдайдан қайтады. Сол себепті, қабылдауға келген адамдардың барлығына қол ұшын созып, аз да болсын көмегімді көрсетуге тырысамын.

Монша емен ағашынан тұрғызылған. Берік әрі суық өткізбейді. Нысанды тұрғызуға 20 күндей уақыт кетіпті. Қазір құрылысшылар соңғы ішкі жұмыстарын аяқтап жатыр.

Байболат Култанов