БілімБалалар

Өңір колледждерінде парасаттылық пен адалдық сағаты өтті

Парасаттылық пен адалдық сағаты. Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күніне орай жергілікті білім ошақтарында жастарға арналып шара ұйымдастырылды. Жиында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру туралы айтылды.

Жиынның басты тақырыбы – адалдық пен парасаттылық. Жалпы, бұл сөздер адам бойындағы әдептілік, әділдік, жауапкершілік сияқты қасиеттерді білдіреді. Дәл осы аталған құндылықтарды қоғам ішінде кеңінен насихаттау арқылы сыбайлас жемқорлықты тыюға болады деп санайды мамандар.

Дамир Хабибулин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

– 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күніне орай қаламыздың барлық оқу ордаларында осындай жиындар өткізілуде. Басты мақсатымыз – өскелең ұрпаққа жемқорлықтың салдарын түсіндіре отырып, оларды жаман әдеттерден алшақтату. Мұндай бастама жемқорлыққа тосқауыл болады деген ойдамыз.

Жиын барысында студенттер көтерілген тақырыптарды тыңдап қана қоймай, өз пікірлерін де білдірді. Қойылған сұрақтарға белсенді жауап берді. Тағы бармақ басты, көз қыстылықты болдырмау мақсатында өз тараптарынан үлес қосатындықтарын жеткізді. Және бұл – әр азаматтың парызы дейді ұл-қыздар.
Қалалық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Азат Мұхамеджанов өз кезегінде студенттерді парасатты және үнемі адалдық танытуға шақырды.

Азат Мұхамеджанов – қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі: 

– Бұндай жиындарды студенттермен жиі өткізіп тұрамыз. Олар жемқорлықтың не екендігін біледі және онымен күресу жолдарымен де таныс. Сыбайлас жемқорлықтың қалай алдын алуға болады? Осы жөнінде олар пікір алмасады.

Айта кетейік, бұндай “Парасаттылық сағаты” бүгін еліміздің барлық оқу ордаларында өтті. Ал біздің өңірімізде жастардың қатысуымен осындай жиындар аптасына бір рет ұйымдастырылып отырады екен.

Байболат  Култанов