Балалар

Ел болашағы – білімді жастардың қолында

Ел болашағы – білімді жастардың қолында. Былтыр облыс орталығында заманауи оқушылар сарайы ашылған болатын. 87 үйірмені қамтитын қосымша білім беру ғимаратының қолданысқа тапсырылғанына бүгін міне тура 1 жыл толып отыр. Осы орайда «Digital Urpaq» оқушылар сарайының төрінде мерекелік іс-шара өтті.

«Digital Urpaq» оқушылар сарайы былтыр қараша айында ашылған болатын. Бүгінде бұл жерде білімін жетілдіріп жатқан ұл-қыздардың саны 3 мыңға дейін жетіп отыр. Соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған білім ордасы 4 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Ол – ІТ, эколобиология, көркемсурет және көркем-эстетика.

Дина Әбілмажинова – «Digital Urpaq» оқушылар сарайының директоры:

– Бір жылдың ішінде 500-ге жақын іс-шаралар өткізілді. 30-дан астам мекемелермен келісім шарттар жасалынды. Сонымен қатар, жуырда «AstanaHub»-пен меморандум бекітілді.

Білім ордасында 87 үйірме бар. Оның 67-сі ІТ бағытында. Яғни, басым бөлігін ІТ саласы құрайды. Әсіресе, робототехника жақсы дамыған. Ұл-қыздарға заман игіліктерінің қыр-сырын Назарбаев Зияткерлік мектебі мен жергілікті университеттің 60-қа жуық оқытушысы үйретеді.

Василий Крючков – робототехника және мехатроника зертханасының оқытушысы:

– Біз мұнда оқушылармен бірге мехатроника жобаларымен айналысамыз. Яғни, түрлі машиналар мен роботтардың іс-қимылын автоматтандырамыз. Мысалы, мына жерде тұрған роботтар алдағы уақытта ауыл шаруашылығына қажетті функцияларды адамның қатысуынсыз атқара алатын болады. Қазіргі күні оқушылармен бірге осы бағыт бойынша жоба әзірлеп жатырмыз.

Жастар өте білімді және тапқыр. Жыл басынан бері дәл осы білім ордасында 100-ден астам зерттеу жұмысы жасалып, ғылыми жұмыстар қорғалған. Олардың ішінде халықаралық дәрежеде танылған жобалар бар. Анжелика Самосёнкина биыл «Ағаштың екінші өмірі» деп аталатын еңбегімен Сочи қаласында өткен халықаралық байқауда топ жарған екен. Жеткіншек бүгін жастар үшін жасалып жатқан мүмкіндіктерге дән риза.

Анжелика Самосёнкина – оқушы:

– Мәселен, қағаз жасау үшін әлем бойынша күніне мыңдаған ағаш кесіледі. Осылайша табиғатқа зиян келтіріледі. Мен қолданылған қағаздарды қайта өңдеп шығару бойынша жоба жасадым. Өзім оны тәжірибе жүзінде байқап көрдім. Халықаралық жарыста қазылар бұл жұмысыма жоғары баға берді.

Иә, өскелең ұрпақ үшін барлық жағдай жасалған. Кез келген жас осы жерге келіп, арманын жүзеге асыруға толық мүмкіндігі бар. Шара барысында жиналғандарға білім ордасының бұдан да бөлек жеткен жетістіктері жайлы бейнероликтер көрсетіліп, мерекелік концерт қойылды.

Бердімұрат Баймұқан