Спорт

Шайбалы хоккейден облыс біріншілігі бастау алды

Өңірімізде шайбалы хоккейден облыс біріншілігі бастау алды. Онда аудан және қаланың әуесқой командалары сайысады. Жарыстың бір ерекшелігі, мұнда кез келген жастағы азаматтардың қатысуға мүмкіндігі бар.

Шайбалы хоккейден облыстық чемпионат жыл сайын ұйымдастырылады. Мұнда өңірдің әуесқой командалары бәсекелеседі. Барлығы – 8 құрама. Ойынның 1-ші туры Александр Винокуров спорт сарайында басталды. Кейін әр аудан орталығында өткізу көзделіп отыр.

Борис Скатов, жарыстың бас төрешісі:

– Ереже бойынша құрамалар 2 топқа бөлінді. Әрбіреуінде 4 жасақтан бар. Ең көп ұпай жинаған алғашқы екі команда финалға шығады. Қазірге дейін 1 ойын өтті. Онда Ғабит Мүсірепов ауданының тобы шалақындықтарды ұтты. Бүгін міне екінші сайыс. Алдағы уақытта барлық аудандарда мұз айдыны құйылып, командалар бір-бірін өздерінде қабылдайтын болады.

Аққайың ауданының ұжымы – чемпионаттағы ең мықтылардың бірі. Өткен маусымда олар финалға дейін барған. Бірақ, 1-ші орын бұйырмапты. Бүгін спортшылар үшін бәрін қайта бастауға жаңа мүмкіндік туып отыр. Аққайындық қорғаушы Эдуард Бондарев бұл жолы бар күшімізді салып, жеңіске жетуге тырысамыз дейді.

Эдуард Бондарев, Аққайың ауданы құрамасының қорғаушысы:

– Ойыннан алған әсерім жаман емес. Қарсыластардың жақсы дайындалғандары сезіліп тұр. Біз де командамызбен жиналып жиі жаттығу жасаймыз. Әр жыл сайын финалға дейін жетеміз. Бұл жолы жеңіс кубогі бізге бұйырады деп ойлаймын.

Әуесқой чемпионаттың топтық кезеңі келесі жылдың наурыз айына дейін жалғасады. Кейін, қорытынды бойынша үздік 4 команда бас жүлде мен облыс әкімінің сыйлығы үшін сайысатын болады.

Бердімұрат Баймұқан