Білім

Химия-биология бағытындағы НЗМ-де ашық есік күні өтті

Концерт тамашалады, жасалған жағдайлармен танысты, мұғалімдер жүктеген тапсырмаларды орындады. Өткен сенбіде химия-биология бағытындағы НЗМ-де ашық есік күні ұйымдастырылды. Дәстүрлі іс-шара барысында ата-аналар мен өзге білім ошақтарында оқитын жеткіншектерге оқу бағдарламалары түсіндіріліп, материалдық-техникалық база көрсетілді.

Білімді, өнерлі әрі сыпайы! Бұл – химия-биология бағытындағы НЗМ-нің студенттеріне тән қасиеттер. Олар оқу ошағына келген ата-аналар мен балаларды есік алдынан қарсы алып, акт залына апарды. Мұнда қонақтарға шағын концерт ұсынылды. Ортада – іргелі білім ошағының жастары. Ұл-қыздар мың бұрала би де биледі, құлақтың құрышын қандыра ән де шырқады.

Көп кешікпей ата-аналар мен ұл-қыздарға арналып экскурсия басталды. Ұйымдастырушылар топ-топқа бөлініп, меймандарға білім ұясын таныстырып жүр. Бұл – информатика кабинеті. Мұнда жеткіншектер мұғалім жүктеген тапсырманы орындауда. Олардың арасында Аида Рахимова да бар. Жерлесіміздің әпкесі Аружан Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқиды. Ол болашақта дәрігер атанғысы келеді екен. Аида да биологияның қыр-сырын терең меңгеріп, ақ халатты абзал жан болуды армандайды. Сондықтан келер жылы осы мектепке ауысуды қалайды.

Аида Рахимова – оқушы: 

– Маған әпкем Назарбаев мектебі жайлы көп айтады. Бүгін осында алып келді. Кабинеттерді араладым, мұғалімдермен сөйлестім, Маған қатты ұнады.

Жалпы, НЗМ-де ашық есік күні жылда өтеді. Биылғы шараға 200-ге жуық адам қатысып отыр. Мақсат – таудай талапты жастарды қатарға қосу. Осы орайда ескерер бір жайт, оқушылар 7-ші сыныпқа қабылдану үшін сынақтан өтулері тиіс.

Бауыржан Төленов – Химия-биология бағытындағы НЗМ директорының орынбасары:

– Конкурста оқушылар 4 пәннен тест тапсырады. Яғни, математикадан, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен тест тапсырады. Одан басқа арнайы тест бар. Ол математиканың бір саласы және сапалық сипаттамалар деп аталады. Осы 4 пәннің нәтижесінде балалар іріктіледі. Мысалы, былтыр 500 оқушы конкурсқа қатысты. Соның 120-сына оқу жылының басында грант берілді.

Бала грантқа ие болмаса, ақылы негізде оқи алады. Айта кетейік, химия-биология бағытындағы НЗМ-не құжаттарды қабылдау желтоқсан айынан қаңтардың соңына дейін жалғасады. Ал наурызда конкурс ұйымдастырылады. Емтихандарда оқушылар шетелдік мамандармен бірге әзірленген тапсырмаларды орындап, бақтарын сынайды.

Байболат  Култанов