МәдениетҚоғам

“Харекет” қайырымдылық қоры 158-ші баспана сыйлады

“Алма-ата”. Өткен жұма күні Жастар сарайында осындай атаумен “Өнер қырандары” театрының кеші ұйымдастырылды. Сахналанған қойылымда қамтылған қоғамдағы өзекті тақырыптар әзілмен астарланған. Жиын соңы игі іспен аяқталды. Үй жалдап тұрып жатқан бескөлдік көпбалалы отбасыға “Харекет” тобы баспана сыйлады.

Отбасылық құндылықты сақтай білу, жемқорлықпен күрес және пайдакүнемдіктен ада болу. Өнерсүйер қауымға сахналанған көріністе осы бір қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалды. 3 бөлімнен тұратын қойылымда актерлер бірнеше кейіпкерді сомдап шықты. Әзілмен астарлап жеткізілген ащы шындық тұрғындарды терең бір ойға салды.

Мадияр Серікбаев – “Өнер қырандары” театрының жетекшісі, Алматы қаласы:

– Басында келгенде көрермендер түсінбей қала ма деп ойлайтынбыз. Жоқ, керісінше солтүстік жақ өте жақсы қабылдайды. Әрбір жасырған әзілдерімізді, сөздің астарын түсінеді. Күлетін жерінде күліп, жылайтын жерінде жылап алады. Жиналған қауым рухтанып, шабыт алып, бірге қосылып отырады.

Өнер қырандарының “Алма-ата” атты кеші өз шымылдығын Түркістан облысында ашқан екен. Еліміздің әр аймағын аралаған театр ұжымы енді Павлодар қаласында өнер көрсетпек. Гастрөлдік сапар 8-ші желтоқсанда оңтүстік астанамызда тұйықталмақ.

Кештің соңы Серік Шадановтың жанұясына 158-ші баспананың кілтін табыстаумен аяқталды. Көпбалалы отбасы қазіргі таңда Бескөл селосында тұрады. Ұл-қыздарының 4-уі мектеп жасында, ал қалған 4-уі одан да кіші. Отағасының өзі қоғамдық көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді екен. Концерттің осылай аяқталатынын күтпеген отбасы мүшелері сахнада көздеріне еріксіз жас алып, қуаныштарын жасыра алмады.

Серік Шаданов – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Концертке шақырту болған, осындай тосын сый болады деп ойлаған жоқпыз. Қобалжып қалдық кішкене. “Харакет ” қайырымдылық қорына көп рахмет. Осы жастар алдында келіп көмектескен еді, дегенмен мұндай болады деп ойламадым.

Жалпы, “Харекет” қайырымдылық қоры 2 жыл бойы «1000 теңгеге баспана» жобасын жүзеге асырып келеді. Осы аралықта еліміздің түкпір-түкпірінен көпбалалы 158 отбасыға үй беріліпті. Солтүстікқазақстандық еріктілер де мұндай игі істен сырт қалмай, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, бүгінгі күні 6 жанұяға баспана кілтін сыйлап отыр. Қазіргі таңда қорға мүше өңір еріктелері сан бойынша көш бастап тұр, олардың қатары 150-ден асқан.

Бекжан Шерасыл – ерікті:

– Осындай үлкен мүмкіншілік, бізге сауап жасайтын жұмыс болып жатқанда неге бізге атсалыспасқа? Неге бізге еріктілер қатарында болмасқа? Мен өз басым ерікті болғаныма қуаныштымын. Ол ертеңгі өміріме де өз әсерін береді деген ойдамын.

Солтүстікқазақстандық жастар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Еріктілер желтоқсанның соңына қарай тағы бір қайырымдылық кешін өткізуді жоспарлап отыр.

Ақтолқын Солтанханқызы