Мәдениет

Галина Воробьеваның жаңа туындысы жарық көрді

Қоғам үшін пайдалы талай істің басын қайырған тұлғалардың өмірі мен еңбек жолы бір кітапта тоғысты. Жазушы әрі журналист Галина Воробьеваның түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүрген жандар туралы кезекті еңбегі жарық көрді. Туынды “Моя судьба в судьбе моей страны” деп аталады.

Галина Воробьева өмірінің 40 жылын журналистика саласына арнаған. Қазір ол құрметті еңбек демалысында. Бос уақытында кітап жазады. Бүгін оның 4-ші туындысы көрерменге жол тартты. Еңбек “Моя судьба в судьбе моей страны” деп аталады.

Галина Воробьева – жазушы, ҚР құрметті журналисі:

– Бұған дейін “Краса и гордость Северного Казахстана” деген кітаптар топтамасында жергілікті белсенді нәзікжандылар жайлы қалам тербеген болатынмын. Кейін, өңіріміздің ер азаматтары туралы да жазуды жөн көрдім. Осылайша, жаңа 4-ші томды зор жетістіктерге жеткен, қоғамдық өмірге белсене ат салысқан жерлестерімізге арнадым.

Галина Воробьеваның жаңа еңбегіне профессор Зарқын Тайшыбайдың есімі енген. Зарқын Сыздықұлы қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлесін қосқан. Оның бастамасымен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де журналистика кафедрасы ашылды. Бұдан бөлек, көптеген кітаптардың авторы әрі тіл жанашыры.

Зарқын Тайшыбай – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:

– Өңірімізде үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Оның барлығы адамдардың арқасы. Әсіресе қоғам өміріне белсенді ат салысып жатқан жандардың үлесі. Осындай кітап арқылы олардың еңбектері еленіп жатыр.

Мұнда білім, ғылым, спорт, медицина, бизнес саласында өз орнын тапқан теріскейліктердің өмірбаяны мен олардың жеткен жетістіктері жазылған. Автор 4 бірдей томда 100-ден аса жерлесіміздің өмір жолын бейнелеген.

Айта кетейік, келешекте Галина Воробьеваның тағы бір туындысы жарық көрмек. Қазір ол жинақтарының 5-ші томын жазып жатыр.

Дана  Ешкенова