Қоғам

Ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Өткен сенбіде Петропавлда азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Оған 7 ауданның ауылшаруашылығы тауарөндірушілері қатысып, 7 тоннаға жуық өнім сатты. Қаланың 4 базарында жайылған жәрмеңкеде ет, сүт, май мен көкөніс өнімдері 15-20 пайызға арзан бағамен сатылды.

Таңсәріден “Алтын арман” базарының іші халыққа толы. Мұнда жәрмеңке өтіп жатыр. Ұзыннан созылған сөрелердің үстінде ауыл иісі аңқыған ет, сүт, май, ірімшік пен айран секілді тағамдар жайылып тұр. Мұндай жәрмеңке аптасына 1 рет қана өтеді. Сол себепті, оның дәмін ерте келіп сатып алу қажет. Әйтпесе, тез таусылып қалады дейді көпшілік.

Қалипа Саттарқызы – қала тұрғыны:

– Мен бұл жәрмеңкеге апта сайын келіп тұрамын. Өйткені, мұндағы тағамдар ауылда жасалған. Табиғи таза. Үйдегі немерелеріме айран, сүт, бал сатып аламын.

Қанат Сабыров мал өсіреді. Қазір қорасында 10-ға жуық бас бар екен. Ірі қараларды ешқандай дәрі-дәрмек бермей, таза жем-шөппен ғана өсіремін дейді. Мына жерде тұрған еттерді ол Ақжар ауданынан әкеліпті. Биыл жәрмеңкеге 3-ші рет қатысып отыр екен.

Қанат Сабыров – Ақжар ауданының тұрғыны:

– Осы жәрмеңкеде таңертеңнен бері тұрмын. 140 кг ет әкелген едім. 2 сағаттың ішінде 20 кг ғана қалды. Арзан болғасын жұрт тез сатып алып жатыр.

Жәрмеңкеде саудаланып жатқан өнімдердің бағасы дүкендегіден 15-20 пайызға арзан. Мысалы, сиыр етінің орташа бағасы – 1400 теңге, картоптың келісі – 104, ал 1 келі май 1920 теңгеге ұсынылып отыр.

Елена Первышина – Тимирязев ауданының тұрғыны:

– Жәрмеңкеге 7 жылдан бері қатысып келемін. Мен көбінесе сүт тағамдарын әкеліп сатамын. Қаймақ пен сүт бірден сатылып кетеді. Көріп тұрғандарыңыздай, алдымда ірімшік қана қалды. Ол да шамамен 1 сағаттан кейін таусылып қалады. Өйткені, бәрі таза, ауылдың өнімі ғой. Өзімнің тұрақты сатып алушыларым да бар.

Ет, сүт, жұмыртқа өнімдері, көкөністер мен басқа да азық-түлік түрлері. Бүгін барлығы 6 жарым млн теңгенің өнімі саудаланды. Бұл – жыл басынан бері 180-ші рет өткізіліп жатқан жәрмеңге.

Бердимурат Баймухан