МТРА жаңалықтарыҚоғам

Айыртау ауданының әкімі журналистер алдында есеп берді

Айыртау ауданына соңғы 3 жылда жол жөндеуге 9 млрд теңге бөлінген. Оның 3 млрд-қа жуығына биыл 120 шақырым жол қалыпқа келтіріліпті. Сондай-ақ, Шалқар-Имантау курорттық аймағында 5 бірдей жаңа демалыс базасы салынған.

Теріскей өңірінің табиғаты сұлу, бірақ соның ішінде Айыртау ауданының келбеті ерекше көрікті. Мұнда жаз болсын, қыс болсын, көпшілік тынығуды жақсы көретін танымал жерлер аз емес. Тіпті, шетелден де қонақтар келеді екен. Аталған аумаққа биыл барушылардың саны 60 мыңнан асқан. Бұл өткен жылдық көрсеткішпен салыстырғанда 40 пайызға көп. Дегенмен, туризм саласын одан әрі дамыту мақсатында ауқымды жоспар құрылған.

Бейбіт Исманов – Айыртау ауданының әкімі:

– Биылдың өзінде Шалқар-Имантау курорттық аймағында 9 жоба қолға алынды. Оған жеке инвестициялар есебінен 411 млн теңге бөлініп отыр. Бізде биыл 5 жаңа демалыс базасы жұмысын бастады. Олар: “Изумрудное”, “Арман”, “Адель”, “Тихая заводь” және “Дом у озера”. Оған қоса тағы бірқатар демалыс орны кеңейтілді.

Қазіргі уақытта “Шалқар су” шипажайында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Санаторий 12 ай бойы жұмыс істемек. Туристерге демалу үшін тиісті жағдай жасалуда, бірақ бір гәп бар. Ол – ұялы байланыстың жоқтығы. Айыртау ауданының әкімі Бейбіт Исмановтың айтуынша мәселенің шешімі бар.

Бейбіт Исманов – Айыртау ауданының әкімі:

– Ұялы байланыс операторларының өкілдері ауданға келіп, қосымша базалық станция орнату техникалық жағынан қаншалықты мүмкін екенін байқап кетті. Мұнара салу үшін ел бюджетінен шамамен 80 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Осы орайда мәселе көп ұзамай шешіледі деген ойдамыз.

Ұялы байланыс тартылмақ, ал туристер жететін жолдың жағдайы қалай? Жолдарды жөндеу жұмыстарына жыл сайын 3 млрд теңгедей қаржы жұмсалатын көрінеді. Биыл оған 120 шақырымдайы оңдалыпты.
Бұдан бөлек, тоқтала кететін тағы бір жайт – “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы. Аталған жоба аясында ауданда алдағы уақытта 19 жоба жүзеге аспақ. Елді мекендердің ахуалын жақсарту мақсатында бірталай іс жоспарланып отыр.

Айта кетейік, үстіміздегі жылы Айыртау ауданына оңтүстік өңірлерден 48 отбасы көшіп келген. Оларға 24 жаңа үй берілпті, тағы 32-сінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Дана  Ешкенова