БалаларҚоғам

Өз ісінің үздіктері марапатталды

Жыл журналисі, ең үздік маман, бейбіт күннің батыры. Облыс орталығында «Жастар жылын» қорытындылауға арналған концерт ұйымдастырылды. Салтанатты жиында өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен жандар 11 аталым бойынша марапатталды. Сондай-ақ, еліміздің эстрада жұлдыздары Райм мен Артур келіп, өнер көрсетті.

Салтанатты жиынның шымылдығын өңіріміздің өнер ұжымы музыкалық аспаптың әуеніне сай үйлесімді биімен ашты.

Концерттің ең маңызды тұсы – үздік жандарды түрлі аталым бойынша марапаттау рәсімі. Айдарбек Балғабеков – «Хабар 24» арнасының меншікті тілшісі. 2012 жылдан бері өңірде орын алған маңызды оқиғаларды ел тұрғындарына баяндап жүр. Өз саласының майын ішіп, жілігін шаққан жерлесіміз «Жыл журналисі» атағын иеленді.

Айдарбек Балғабеков – «Хабар 24» арнасының меншікті тілшісі:

– Журналистика салада 9 жыл еңбек етіп жүрмін. Осы аралықта көптеген қызықты материалдар шықты. Маған өңір тұрғындары жайлы жазған ұнайды.

Ал «Жыл батыры» атағына әскери қызметкер Сергей Гайдай ие болды. Жерлесіміз жүкті әйел мен оның 5 жастағы баласын суға батып жатқан жерінен құтқарып алған. Оқиға үстіміздегі жылдың ортасында Уәлиханов ауданындағы Бидайық ауылында болған.

Сергей Гайдай – ҚР ҰҚК Шекара қызметінің аға нұсқаушысы:

– Демалыс күнімді балық аулаумен өткізу үшін су жағасына барып едім. Кенеттен жақын маңнан көмек сұраған жандардың дауысын естідім. Жүгіріп барып қарасам, әйел мен оның баласы көпірден құлап кетіп, суға батып жатыр екен. Бір сәтке де кідірмей екеуін де алып шығып, алғашқы көмек көрсеттім.

Жалпы, «Жастар уақыты» атты мерекелік концертте 11 аталым бойынша 36 жерлесіміз марапатталды.

Өкінішке қарай, бұл жандар музыканы ести алмайды. Бірақ, әуезді ән олардың жүрегінде ойнап тұр. Ортада – өңір сахналарын ғана емес, әлемді бағындырып жүрген «Sensitive» би театры. Би қимылдарын асқан нәзіктікпен жеткізе білетін ұжым өнерімен көптің көңіліне жол тапты.

Кейін сахна төріне көпті күттірген Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Райм мен Артур шықты. Өнерлі жігіттер Орал қаласында туып өскен. Олардың сахнада жүргеніне биыл небәрі – 2 жыл. Десе де, осы уақыт аралығында талай тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп үлгерген.

Оралдық жігіттер орындайтын туындыларының мәтінін өздері жазады екен. Өлең шумақтары қазақ және орыс тілдерінде араласып келеді.

Артур Дәулетияров – әнші:

–  Петропавл төрінде алғаш рет өнер көрсетіп жатырмыз. Тұрғындары өте қонақжай екен. Бізді жақсы қарсы алды. Туындыларымыз тыңдарманның көңілінен шығып жатқанына өте қуаныштымыз.

Солтүстікқазақстандықтар қонақ әншілермен қосыла ән айтып, отырған орындарынан тұрып, бірге би биледі.

– Концерт өте қызықты өтті. Маған қатты ұнады.

– Артур мен Раймның келгені қатты қуантты. Осындай концерт ұйымдастырғандарыңыз үшін рақмет.

Маржан Қасымбек