БалаларМәдениет

Облыстық қуыршақ театрында – премьера

Облыстық қуыршақ театрында “Ергежейлі Бом мен сиқырлы кітап” атты ертегінің премьерасы өтті. Туындының авторы – ресейлік драматург Николай Шувалов. Ал оны бүгін қоюшы режиссер – ҚР мәдениет қайраткері Андрей Зайцев.

Ертегінің басты кейіпкері – ергежейлі Бом. Күндердің бір күні ол атасының жылдар бойы жасырып жүрген сиқырлы кітапшасын тауып алады. Сөйтіп, жаңалығын орманда мекен ететін достарымен бөлісуге асығады. Бұны естіген қоян қызығып кетіп, кітаптың шынайылығын тексермек болады. Оған дәлел ретінде ергежейлі Бом бірінші – қоянға, кейін екеуі де қасқырға айналады.

Орманның жаңа қожайындары пайда болғаны туралы естіген қасқыр анық-қанығына жетпек болады. Бірақ, манағы екеуі нағыз азулыны көргенде қорқып, кітапшаларын ну орманда тастап, тым-тырақай қаша жөнеледі. “Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам” демекші, өзгелерді алдамақ болған қоян мен ергежейлі Бом осылай үлкен қиындыққа тап болады. Дегенмен, ертегінің соңында мәселе өз шешімін тауып, әділдік орнайды.

Юля Высотина, облыстық қуыршақ театрының актрисасы:

– Бұл қойылым арқылы біз балаларға ешкімге де қызықпай, өзіңнің болмысыңды жоғалтпау қажеттігін жеткізбек болдық. Туынды кішкентай көрермендерге ұнады деген ойдамын. Себебі, бұл ертегіні қоюда актерлер біраз еңбектенді.

Негізі, туындыда 9 түрлі кейіпкер бар. Оның барлығын өнер ұжымының 5 әртісі асқан шеберлікпен орындап шықты. Ертегіні қоюшы режиссер – ҚР мәдениет қайраткері Андрей Зайцев та бұл қойылымда бой көрсетті.

Андрей Зайцев – облыстық қуыршақ театрының актері, ҚР мәдениет қайраткері:

– Бұл – мен режиссер ретінде қойған 2-ші спектакль. Осы туындыға 2 жыл бұрын көзім түскен еді. Бірақ, оны қолға алып кірісуге уақыт болмады. Дегенмен, бар күшімді салып автордың жеткізбек болған ойын көрсетуге тырыстым.

Сиқыр мен таңғажайып оқиғаға толы қойылым балаларға ерекше әсер қалдырды. Олар ертегідегі әр образды зерделеп, ұнаған кейіпкер туралы пікірлерімен бөлісті.

–  Маған ергежейлі Бом ұнады. Ол көп нәрсені сиқырлай алады.

–  Ал маған Бомның атасы ұнады. Өйткені, оның сиқырлы кітабы бар екен. Менде солар сияқты сиқырлағым келеді.

Актолкын Солтанханкызы