МТРА жаңалықтары

Көшбасшы партияның өңірлік активінің отырысы өтті

Биыл 4 мыңнан астам солтүстікқазақстандық  “нұротандық” деген атауға лайықсыз деп танылды. Алдағы екі жылдың ішінде партияны айтарлықтай өзгеріс күтіп тұр. Саяси ұйымның қатарына тек белсенді, еңбекқор адамдар тартылуы тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүкіл әлемге Қазақстанның қандай ел екенін көрсетті. Тәуелсіздігіміздің тұғыры көтерілді. Атқарған шаруалары көп.

Тұңғыш Президент Н.Назарбаев саясаттан әлі де қол үзген жоқ. Көшбасшы партияның төрағасы қазір де тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін аянбай еңбек етуде. Елбасы 7 басымдықты анықтап, тиісті міндеттерді жүктеді. Межені орындау үшін елім деп, жерім деп жұмыс істейтін белсенділер қажет. Сондықтан, республиканың түкпір-түкпірінде партияны қайта жаңғырту шаруасы жүргізіліп жатыр. Кезінде қатарға қабылданып, куәлік берілген азаматтардың бірқатары «Нұротандық» дегенге лайық болмай шықты. Бірі артылған істі атқармаса, екіншілері ережелерді бұзған. Мұндай жауапсыз азаматтардан жолымыз бөлек дейді партияның жергілікті филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– 10 айдың ішінде партия қатарынан 4 мыңнан аса адам шығарылды. Айтарлықтан өзгеріс бастауыш партия ұйымдарында да орын алып жатыр. Бірлестіктердің санаулысы ғана белсенді жұмыс істейді. Кәсіпорындар мен мекемелерде құрылған мұндай ұйымдар жұмысшылардың проблемаларын көтерулері тиіс. Мәселені шешуге ат салысулары қажет. Сондай-ақ, партияның бағдарламаларын іске асыруға өз үлестерін қосқандары жөн.

Партия қатарына тек халықтың қамын жейтін адамдар алынуы тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңірде туындап жатқан проблемалардан сіздер хабардар болуларыңыз керек. Мәселені жабулы күйінде қалдырмау қажет. Бұның арты жақсыға апармайды ғой. Мен өз басым ешқашан мәселелерден қашпаймын. Оны ашық айтамын. Керек болса үкіметке дейін жеткіземін.

Тұрғындардың базынасын тыңдап, оны шешу үшін партия депутаттары қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыруда. Тамыз бен қарашаның аралығында мұндай мыңнан аса шара өткізіліпті. Халық қалаулыларына жеткізілген мәселелердің 30 пайыздайы біржақты етілді. Жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. Баспаналардың құрылысы, мектептердің жөнделуі мен жол жабындысының қалыпқа келтірілуі. Партиялық бақылау комиссиясы 176 нысанда жүргізіліп жатқан істің барысын қадағалауда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Партиялық бақылау бүкіл облысымызды қамтуы тиіс. Бұл ретте мүшелеріне айтарым, мәселе бар болса, проблемаға жол берген тұлғалардың да аты қатар аталу керек. Биылғы жылдың қорытындысы жаман емес. 2020-ға нақты тапсырмаларды белгілеп, сол бағытта жұмыс істеу қажет.

2021-де партия депутаттарының сайлауы ұйымдастырылмақ. Шара жаңа форматта өткізіледі. Ол үшін келесі жылдан-ақ дайындық жұмыстары бастау алады. Алдымен, қоғамда белсенді, мәселелерге бейжай қарамайтын азаматтардан партиялық резерв құрылады. Оның 30 пайызы – нәзікжандылардан, 20-сы жастардан тұрмақ. Осылайша, бүгінгі депутаттық фракцияның тең жартысы жаңарады деп күтілуде. Пилоттық жоба ретінде биыл мұндай резерв Ғ.Мүсірепов ауданында жасақталды. Болашақта халық қалаулысы бола алады деген 6 бірдей адам таңдалып алыныпты. Жоспар айқындалып, міндеттер жүктелгеннен кейін, марапаттау рәсімі бастау алды.

Алғашқы марапат -ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан. Алғыс хат Мамлют ауданындағы Воскресеновка селосында суға батып кете жаздаған 2 баланы ажалдан құтқарған Воробьевтар жанұясына табысталды.

Владимир Воробьев:

– Оқиға қарашаның 4-і кешкі 5-те орын алды. Мен көлдің маңынан өтіп бара жатқанда көмек сұраған балалардың айғайын естідім. Сөйтсем, екі бала мұз үстінде ойнап жүріп, жарылғанда ішіне түсіп кеткен екен. Мен оларды алып шықтым.

Татьяна Воробьева:

–  Балаларды үйге әкеліп, жылытып алдық. Ыстық шай бердім. Бір сағаттан кейін жеткіншектердің көңілі орнына түсті.

Шара барысында партия төрағасымен жүктелген тапсырмаларды орындап, облыстың өркендеуіне елеулі үлесін қосып жүрген азаматтар Құмар Ақсақаловтың алғыс хатымен марапатталды. Еңбегі еленгендердің бірі – халыққа бизнестің қыр-сырын үйретіп жүрген Рахымбек Зейнуллин.

Рахымбек Зейнуллин – СҚО кәсіпкерлер палатасының қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы:

–  Алғыс хат алдағы жұмысымызға мотивация болмақ. Ел саясатының арқасында кіші және орта бизнесті дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Біз көрсетіліп жатқан қолдауды жұмыссыз жүрген азаматтарға айтып, кәсіптерін ашуға көмек көрсетудеміз.

Тағы өңірдің дамуына өз үлестерін қосып жүрген 4 азамат партия қатарына қабылданды.

Эльмира Садвокасова