Қоғам

Елбасының елге сіңірген еңбегі

Елбасының елге сіңірген еңбегі. Бүгін бескөлдік оқушылар мен аға буын өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевтің ел үшін атқарған қызметін саралады. Мұнда Ұлт көшбасшысының ұзақ жылдар бойы жүргізген сындарлы саясаты жайлы айтылды. Сондай-ақ, жиынға қатысқан қазыналы қариялар жеткіншектерге өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін берді.

Ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар. Шараға көпті көрген қазыналы қарияларымыз жиналған. Алдымен қонақтар Елбасымыздың өмірі мен қызметі туралы бейнебаянды тамашалады. Кейін аға буын өкілдері жастарға өздерінің өнегелі өмірлері жайлы әңгімелеп, Тұңғыш Президенттің елге сіңірген еңбегін саралады.

Балзия Қылышбаева – Қызылжар аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы:

– Бұл жерге біз көненің көзін көрген аталарымыз бен білімді, ақылды апаларымызды шақырдық. Және талантты жастарымыз да қатысуда.

Қарлығаш Жұмағалиева білім саласында 40 жылдан аса еңбек еткен. Жетпісті желкелеген нәзік жанды 5 бала тәрбиелеп ұлын – ұяға, қызын қияға қондырған. Апамыздың айтуынша жастар жаман жолға түспей, жақсы білім алып, ел үшін аянбай қызмет етулері тиіс.

Қарлығаш Жұмағалиева – «Бескөл нұры» ардагерлер хорының жетекшісі:

– Жастар ақылды, мықты болып өсулері тиіс. Мұғалім берген білімді оқып, ары қарай дами берулері керек. Көбірек кітап оқулары керек. Бізді бала кезімізден солай үйретті.

Жиында оқушылар өз өнерлерін көрсетті. Жеткіншектер күмбірлеген күй тартып, жыр шумақтарынан үзінді оқыды. Ал Дильназ Гарипова болса бүгін Елбасымыз жайлы эссе жазып әкеліпті. Жасөспірім шығармасында Тұңғыш Президенттің жастар үшін атқарған еңбегін баяндап жатыр.

Дильназ Гарипова – «Парасат» мектеп-лицейінің оқушысы:

– Жастар үшін қазір барлық мүмкіндіктер жасалып қойған. Біз кез келген оқу орнына оқуға түсіп, білім ала аламыз. Біз Елбасы мен Президентіміздің идеялары мен жоспарларын жүзеге асыруға тиіспіз. Ол үшін жастар білімді, мықты және өз елінің патриоттары болуы керек.

Шалпы шараға 40-қа жуық аға буын өкілдері мен мектеп оқушылары қатысты. Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

Бердимурат Баймухан