БалаларҚоғам

Дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығы таныстырылды

Петропавлда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ел үміті” жол картасын іске асыру аясында дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығы құрылды. Қараша айының басында пайда болған жаңашылдық бүгін көпшілікке таныстырылды. Мұндағы мамандар облыс орталығындағы және ауылдардағы білімді де талантты ұл-қыздармен етене жұмыс істейді.

Қазір еліміздің әр қаласында дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығы ашылып жатыр. Петропавлда мұндай жаңашылдық 1-ші қарашада пайда болды. Бұл жерде талантты ұл-қыздар үшін бар жағдай жасалған. Осының арқасында жастар шеберліктерін шыңдайды, қолға алған жобаларын жүзеге асырады.

Арлан Мұхаметжанов – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Менің жобам “аэропоника” деп аталады. Оны агроөнеркәсіптік кешен өкілдері қолданады. Жаңашылдықтың көмегімен алқаптағы жағдайды қашықтықтан байқауға болады. Яғни, шаруа арнайы қосымша арқылы топырақтың құрылымын, астықтың өсу деңгейін, зиянкестер мен арапшөптердің бар-жоғын байқай алады.

Орталықтың жұмысымен облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев танысты. Мұндағылардың алға қойған жұмысы ауқымды. Мамандар болашақта қаладан бөлек, дарынды ауыл жастарына қолдау танытпақшы. Ол үшін елді мекендердегі балаларды Президент қорына тіркеу жоспарланып отыр. Кейін ұл-қыздарға арнайы тапсырмалар онлайн түрде жолданып тұрады. Түрлі олимпиадаларға дайындық та жүргізіледі.
Орталық өкілдері қыз-жігіттердің білімдерімен қоса, белсенділіктерін де арттырмақ ниетте.

Болатхан Жүсіпов – СҚО білім басқармасы білім саласындағы ақпараттық технология мен әдістемелік жұмыс орталығы директорының орынбасары:

–  Ауылдың баласы мен қаланың баласын салыстырайық. Қаланың баласы ортаға бейімделген болып келеді. Ал ауылдың баласы үлкен ортаға шықпағандықтан қиыншылықтар болуы мүмкін. Біз осындай жастарға қолдау көрсеткіміз келеді.

Әрі орталық өңір аумағындағы іс-шараларды өткізуге ат салысады. Мұнда бірнеше кабинет бар. Оларда балаларға, ұстаздарға шеберлік сағаттары өткізіледі, психологиялық көмек көрсетіледі. Кейін жиналғандар Тұңғыш Президент қорының бастамасымен “Ел үміті” жол картасын іске асыру аясында дарынды балалар мен таланатты жастардың слетінде бас қосты. Мұнда талай додаларда өңір намысын қорғап жүрген жастар ортаға шықты. Әнші-бишілер өнер көрсетіп, кештің сәнін келтірді.

Байболат Бектемірұлы