Қоғам

Петропавлда мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтті

Мемлекеттік орган мамандары, банк және халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері. Қаланың жер-жерінде орналасқан мекеме мамандары мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесінде бас қосты.

Бұл жерде мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі өтуде. Келген тұрғындардың қатары қалың. Барлығының сұрақтары әр түрлі. Бірі жұмыс жайлы білгісі келсе, бірін тұрғын үй мәселесі толғандырады. Ал Камиль Фасахиев зейнетке шығу үшін алдын ала қандай құжаттар жинау керектігін білмек ниетте. Мұндағы мамандар жерлесіміздің сұрақтарына жауап беріп, барлығын толқыққанды түсіндіріп берді.

Камиль Фасахиев – қала тұрғыны:

– Мен желтоқсан айының 11-інде зейнетке шығамын. Алдын ала құжаттар жинау керек қой. Мұнда осындай жәрмеңке өтіп жатқанын естіп, келуді жөн көрдім. Мамандар / мені қызықтырған сұрақтардың жауабын табуға көмектесті. Енді қайда баратынымды білемін.

Сәуле Баймағанбетова 2 бірдей сұрағымен келіпті. Біріншісі – мектептерде белгілі бір санаттағы оқушылар үшін тегін тамақ мәселесі. Ал екіншісі тұрғын үй жинақ банкінің өкілдеріне бағытталған екен.

Сәуле Баймағанбетова – қала тұрғыны:

– Осында келіп мол ақпарт алдым. Екі сұрағыма да мамандар толыққанды жауап берді.

Қазақстандықтарды көбіне зейнетақы, тұрғын үй және медициналық мәселелер жиі толғандырады. Қазіргі таңда әсіресе соңғысы ел аузында. Себебі, тура бір айдан кейін елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмысын бастайды. Бұл туралы тиісті мәліметтерді білу үшін тұрғындар мамандарға жолығып, толыққанды ақпарат алуда.

Қарлығаш Ілиясова – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ бөлімінің бас сарапшысы:

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бір айдан кейін іске қосылмақ. Халықты “не істеуіміз керек, егер сақтандырылмасақ?” және “қай жерлерден толық ақпарат алуға болады?” деген сұрақтар қызықтырады.

Іс-шараға 9 мемлекеттік орган, бірнеше банк пен халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері қатысып жатыр. Келушілердің көптігі соншалық, мамандардың ешбірі бос емес. Олар таңғы сағат 11-ден түске дейін тұрғындарды қабылдап, көптеген сауалдарға жауап беріп жатыр.

Бауыржан Хаймолдин – қалалық ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің сектор меңгерушісі:

 – Жалпы, бүгінгі жәрмеңкеге 24 ұйымның мамандары қатысып жатыр. Мәселен, мемлекеттік органдардың өкілдері 96 қызмет көрсетеді. Тұрғындардың сұрақтары бойынша консультация береді.

Айта кетейік, мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі Петропавлда әр тоқсан сайын ұйымдастырылады. Әрі аудандарда да қолға алынуда.

 

 

 

Ешкенова Дана