Қоғам

Атаулы әлеуметтік көмек жүйесіндегі өзгерістер

Келер жылдың 1-ші қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек жүйесінде бірқатар өзгеріс орын алмақ. Енді көпбалалы отбасылардың барлығына жәрдемақы төленеді. Мемлекеттен ақша жанұя мүшелерінің табысына қарамай беріледі. Бұл жайлы Иван Шухов атындағы кітапханада өткен жиында айтылды.

Любовь Долгушина – жалғызбасты ана. Ол қазір өзі жалғыз 3 баланы тәрбиелеп отыр. Азаматшаның үлкен қызы – мүгедек. Сондықтан, нәзікжанды жұмыс істей алмайды, үнемі үйде отырып, тұңғышына қарайлайды.

Любовь Долгушина – қала тұрғыны:

– Жұмыс істемегендіктен сәуір айында атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірдік. Біздің сұрауымыз бірден мақұлданды. Бірақ, жәрдемақыға 2 айдан кейін ғана қол жеткіздік. Жарты жыл көлемінде маған және 2 балама 75 мың теңге алып отырдым. Үкіметтен берілген ақша жағдайымызды біраз жақсартты.

Жақында Любовь Долгушина атаулы әлеуметтік көмекті 2-ші рет алуға ниет білдіріпті. Өтініш мақұлданған. Бірақ, мемлекеттен берілуі тиіс ақшаны азаматша 3 айдан бері алмаған. Жерлесіміз мәселенің мән-жайын анықтау үшін жергілікті билік өкілдеріне жүгінген екен. Сонда қызметкерлер қазынада қаржы жоқтығын айтып, жағдайды түсіндіріпті. Бюджет толыққанда тиісті көмек барлығына көрсетіледі. Қазір Қазақстанда әлеуметтік әлжуаз топтарды еңбекпен қамту бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, бүгінде елімізде “Бастау” жобасы бар. Бұл жайлы жиынға қатысушы маман айтып берді.

Гүлнәзия Әбілева – СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Қазір “Бастау” жобасы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз жүрген жандар бизнестің қыр-сырын меңгереді. Оның үстіне қайтарымсыз грант немесе жеңілдетілген несие иеленеді. Кейін сол ақшаға кәсіп ашуға немесе бастаған істерін әрмен қарай дамытуға болады. Бүгінгі күнге дейін 2500 адам білім алды. Соның 1800-ден астамына грант берілді. Қазір бұл жандар түрлі бағытта еңбек етіп жүр.

Аталған жоба бойынша оқыту келесі жылы да жүргізіледі. Өтініштерді қабылдау наурыз айынан басталады деп жоспорланып отыр. Шара барысында әкімдік өкілдері 2020-ның 1-ші қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек жаңа тәртіп бойынша тағайындалатындығын жеткізді. Олардың сөздерінше 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға бөлек жәрдемақы беріледі. Мемлекеттен бөлінетін бұл ақша жанұяның табысына қарамайды. Тағы, бұдан былай атаулы әлеуметтік көмек ай сайын емес, тоқсан сайын төленбек. Және адамдар жұмыс істеуге міндеттеледі. Егер де тұрғын еңбектен бас тартса, жәрдемақы алынып тасталады.

Эльмира Успанова – Петропавл қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:

– Жаңа жылдан бастап АӘК алушы отбасылардың 1 мен 6 жас аралығындағы балалары гигиеналық құралдармен, азық-түлікпен қамтамасыз етіледі. 6 мен 18 жас аралығындағы балаларға жолаушы билеті беріледі. Мектептерде ыстық тамақпен қамтылады.

Еске сала кетейік, алдағы уақытта атаулы әлеуметтік көмекке ниетті отбасылардың жағдайы жіті тексерілмек. Егер де қандай да бір талап орындалмаса, жәрдемақы берілмейді. Бүгінде Петропавлда 1650 жанұяға мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

 

Култанов Байболат