Қоғам

Кәсіподақ өкілдері марапатталды

Тұңғыш Президент күніне орай өңірдегі кәсіподақ өкілдері облыстық музейде бас қосты. Шара барысында еңбегімен еленген ұйымның белсенді жастары марапатқа ие болды. Тағы жиынға облысымыздың қоғам қайраткерлері қатысты.

Тәуелсіздік, Еуразияның жүрегіне айналған елорда, 130-дан астам ұлт өкілінің тату-тәтті өмір сүруі мен Экспо, Азия ойындары, БҰҰ саммиті сынды ауқымды шаралар. Бұның барлығы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасы. Ұлт көшбасшысының мемлекетті басқарған жылдары атқарған шаруасын осылай тізбектеу беруге болады. Елбасының сындарлы саясатының нәтижесінде Қазақстанның өзге мықты алпауыттармен терезесі теңесті. Нұрсұлтан Назарбаевпен ҰОС ардагері Степан Башкиров 4 мәрте жүздесіпті. Әрбір кездесуі – қарияның әлі күнге дейін көз алдында.

Степан Башкиров – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Мен алғаш рет Елбасымен 70-ші жылдары жүздестім. Н.Назарбаев Қазақ Кеңес Социалистік республикасының депутаттығына үміткер ретінде таңдалған болатын. Мен өңірдегі бір топ жұмысшымен бірге бардым. Машина жасаушылардың сарайында кездестік. Аздап әңгіме-дүкен құрдық. Тұңғыш Президент еңбек жолын металлург болып бастап, бүгінгі дәрежеге көтерілді. Елімізді де тоқырау заманнан алып шығып, дамушы мемлекеттердің қатарына қосты.

Шынымен де, Н.Назарбаев Кеңес үкіметі ыдырыған уақытта ел тізгінін қолына алып, мемлекетті экономикалық дағдарыстан шығарды. 90-шы жылдардағы оқиғаларды еске ала отыра, қаншалықты алға басқанымызды көруге болады дейді өңірдің құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов. Жер үйлер былай тұрсын, көпқабатты баспаналар жарық, ыстық су мен тіпті жылудан үзілген еді. Халық айлап жалақыларын да ала-алмай жүрді. Бүгінде мұндай қиындықтар артта қалды. Ендігі басымдық ұлт саулығына берілуде.

Жамбыл Тасеменов – СҚО құрметті азаматы, ҚР құрметті спорт қайраткері:

– Қазақ гимназиясы ашылғанда өзім Н.Назарбаевты қарсы алдым. Сонда өзімнің өтінішімді білдірген болатынмын. Бізге спортзалдар қажет деп. Көп ұзамай сұрағанымыз орындалды.

Елбасы жүргізген жан-жақты саясатта кәсіподақтардың да атқарған рөлі аз емес. Қоғамдық бірлестіктер әрдайым билік пен халықты байланыстыратын көпір ретінде жұмыс істеп келген болатын. Әсіресе, соңғы уақытта бұл ұйымдардың ықпалы артып келеді. Жиында белсенділіктерімен көзге түскен кәсіподақтардың төрағалары марапатталды. Еңбегі еленгендердің бірі – Олеся Полотиди. Рентгенолог-дәрігер медицина мамандарының өзекті проблемасын шешуге ат салысып жүр екен.

Олеся Полотиди – «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ СҚОФ жастар кеңесінің төрайымы:

– Кәсіподағымыз өңіріміздің әрбір медициналық мекемесінде жұмыс істейді. Ақ халаттылар бізге баспана мәселесімен жиі жүгінеді. Әсіресе, елді мекендерде аталған проблема өзекті тұр. Сондықтан, биыл кәсіподақтан қажетті қаражат бөлініп, 15 маманның әрбіреуіне 500 мыңның сертификаты табысталды. Тағы бір дәрігерге алғашқы жарнаға қажетті сома берілді. Шаруаны алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.

Шара барысында Ұлт көшбасшысының жүктеген міндеттерін абыроймен атқарып жүрген өзге де кәсіподақ ұйымдары марапатқа ие болды. Қоғамдық бірлестіктердің төрағаларына Елбасы туралы және өзі жазған кітаптар сыйға тартылды.

Эльмира Садвокасова