Бизнес және экономика

Бескөлде наубайхана ашылды

Мереке қарсаңында жұмысын бастады! Бүгін Қызылжар ауданының орталығында наубайхана ашылды. Тұңғыш Президент күніне орай таспасы қиылған нысанда 8 адам еңбек етпек. Олар бір тәулікте 1000 бөлке нан мен 60 келі нан-тоқаш өнімдерін әзірлемек. Дәмі тіл үйіретін тауар Бескөлдегі және оған жақын ауылдардағы дүкендерге сатылып, халыққа ұсынылатын болады.

Бескөлдің қақ ортасындағы мына нысан біраз уақыт қаңырап бос тұрыпты. Ал бүгін тамырына қайтадан қан жүгірді. Мұнда енді су жаңа “Сұлтан” атты наубайхана жұмыс істейді. Өндіріс ошағының таспасын ауданы әкімі Жанат Сәдуақасов пен “Сұлтанғазиев” ЖК-нің директоры Арыстан Сұлтанғазиев қиды.

Аудан орталығындағы 3-ші наубайханада ас атасының 10 түрі пісіріледі. Оның үстіне нан-тоқаш өнімдері де әзірленеді. Олар осы жерде тұрғындарға саудаланады. Арыстан Сұлтанғазиев мұндай кәсіпті мемлекеттік қолдаудың арқасында бастады. Азамат “Бастау” бағдарламасы бойынша оқып, грант пен несиеге қол жеткізген екен.

Арыстан Сұлтанғазиев – “Сұлтанғазиев” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қорынан” 5 жылға 6 пайыздық үстемеақымен 6 млн теңге несие рәсімдедім. Ақшаға іске қажетті қондырғылар мен автокөлік сатып алдым. Осылайша наубайхананы іске қостым. Ғимаратты жалдаймыз. Бұл жерде бұрын дәмхана болатын. Кейін ол жабылып, ғимарат бос тұрды. Міне, тұрғындарға қайтадан есігін айқара ашып отыр.

Көп кешікпей ғимарат іші адамға толып кетті. Жергілікті тұрғындар дүкен сөресіне қойылған тауарды сатып алып жатыр. Кейбірі дәм татып та көріпті. Халық наубайхананың ашылғанына дән разы.

– Бүгін наубайхана ашылып жатыр. Нандары өте дәмді, сапалы. Бағалары да жақсы. Осында күнде келіп нан аламыз.

– Әрқашанда осында келіп отырамыз. Әр түрлі нан бар. Ход-дог, пицца да бар. Осындай кәсіпкерлер көбейе берсін.

– Бауырсақ өте дәмді. Нысанның орналасқан жері де жақсы. Жол-жөнекей кез келген адам кіріп, қажет дүниесін сатып ала алады.

Осы жерде ән де шырқалды. Тойшы қауым домбыра шертіп, нысан ішін думанға бөледі.

Жалпы, қазіргі күні “Сұлтан” наубайханасында бір тәулікте 1000 бөлке нан және 60 келі нан-тоқаш өнімдері әзірленеді. Тауар Бескөлдегі және оған жақын ауылдардағы дүкендерге сатылмақ. Ас атасының құны нарықтағыдан әлдеқайда арзан. Мысалы, көпшілік тұтынатын домашний, яғни қолдан пісірілген нан 80 теңге тұрады. Алдағы уақытта наубайхана өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Келешекте шығарылатын нан тәулігіне – 2 жарым мың бөлкеге, ал нан-тоқаш өнімдері 200 келіге жетпек. Наубайханада 8 жұмыс орны пайда болды. Қызметкерлердің айлық табысы 95 мың теңгені құрайды.

Талап Балтабаев – Қызылжар аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

–  Бүгінгі күні ауданымызда шағын және орта бизнес дамып келеді. Жыл басынан бері “Бастау” бағдарламасы бойынша 310 адам оқытудан өтті. Оның 145-і грантқа ие болды. Мемлекеттен берілген сома 49 млн теңгеден асады. Тағы, бірқатар тұрғын несиеге ие болды. Қазір осы азаматтардың басым бөлігі өздерінің кәсіптерін ашып, жұмыс істеп жатыр.

Жыл соңына дейін Бескөлде тағы 5 нысан ашылмақ. Олар – шаштараз, дәмхана және дүкендер. Нәтижесінде 15 адам жұмыспен қамтылады.

Култанов Байболат