Қоғам

“Ауыл әкімі болғым келеді” атты байқау өтті

“Ауыл әкімі болғым келеді”. Осындай атаумен бүгін Достық үйінде шығармашылық байқау ұйымдастырылды. Сайыста өңірдің түкпір-түкпірінен келген 70-ке жуық адам бағын сынады. Жерлестеріміз эссе жазып, өздері салған суреттерін көрсетті.

Қала тұрғыны Аделина Хисматуллинаның жобасы “Қашықтық кедергі емес” деп аталады. Ол Қызылжар ауданындағы Боголюбово ауылының тұрғындарын толғандыратын проблемалар жайлы баяндап жатыр. Бойжеткеннің сөзінше, селодағы мектепте небәрі 45 бала білім алады. Алайда, оқушылардың көпшілігі елді мекеннің шетінде, яғни оқу ошағынан шамамен 3,5 км қашықтықта тұрады.

Аделина Хисматуллина – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Ата-аналар қауымы, әсіресе қыс мезгілінде кішкентай балаларын мектепке жалғыз жіберуге қорқатындықтарын айтты. Менің ойымша, ауылдағы мектепке шағын автобус керек.

Ал Іңкәр Ғаббас болса суретшілер сайысында өз бағын сынап жатыр. Оқушы қыз Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының мәселелерін қағаз бетіне түсірген.

Іңкәр Ғаббас – қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы, Петропавл қаласы:

– Мен ауылдағы мәселелерді салдым. Суды дұрыс өткізсе, жолды жөндесе деймін.

“Ауыл әкімі болғым келеді” атты байқаудың тағы бір аталымы бойынша қатысып жатқан жандар армандаған ауылдары туралы эссе жазған. Шығармалар қазылар алқасының қолына осыдан 2 апта бұрын табыс етілген. Бүгін үздік туындылардың авторлары марапатталады.

Сәлімхан Сәбитов – облыстық ҚХА қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары:

– Қатысушылардың барлығы алғыс хаттармен марпатталады. Ал, жеңімпаздарға сыйлықтар мен грамота беріледі.

Жалпы, “Ауыл әкімі болғым келеді” атты байқауда 70 адам бақ сынаған. Қатысушылардың 30-ы сурет салса, 34-і эссе жазған. Ал 6-уы өздері ойластырған жобаларын қорғапты.

 

 

 

 

Маржан Касымбек