Спорт

Шаһарда бокстан республикалық турнир бастау алды

Петропавлда бокстан КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Камиль Сафинді еске алуға арналған республикалық турнир бастау алды. Дүбірлі дода 5 күнге жалғаспақ. Байрақты бәсекеде еліміздің түпкір-түпкірінен жиылған 80-ге жуық спортшы бақтарын сынамақ.

Турнирдің шымылдығын 52 келі салмақ дәрежесіндегі былғары қолғап шеберлері ашты. Алаңға алғашқы болып Қостанай облысының өкілі Шыңғыс Идрисов пен петропавлдық Өмір Елтай шықты. Қос спортшы да кездесулерін белсенді бастады. Кейін қызыл жейде киген қостанайлық тез қимылдап, қарсыласына ауыр соққылар бағытады. Сөйтіп, 17 жасар Шыңғыстың бағы жанып, жеңіске жетті.

Шыңғыс Идрисов – турнирге қатысушы, Қостанай облысы:

– Қарсыласым осал болған жоқ. Бірақ, кішкене шаршап қалды. Және оған сенімділік жетіспеді деп ойлаймын. Жалпы өзім бокспен 5 жыл айналысамын. Бұған дейін де көптеген жарыстарға қатыстым. Жеңілістерге де ұшырадым. Дегенмен, Олимпиада чемпионы болғым келеді. Өз арманыма жету үшін барымды саламын.

Ал келесі болып ортаға 56 келі салмақтағы боксшылар шықты. Бұл кезеңде солтүстікқазақстандық Шерхан Жалпақбасов пен қарағандылық Тұрсынбек Тажибаев күш сынасты. Бірінші раундта жерлесіміз қарсыласынан басым болды. Дегенмен, қонақ спортшы да дес берер емес. Ол жақсылап қорғанып, 2-ші және 3-ші раундта шабуылдарын күшейте түсті. Сөйтіп, тартысқа толы болған кездесуде көк жейде киген қарағандылық спортшыны төрешілер жеңімпаз деп таниды. Дегенмен, жерлесіміз Шерхан Жалпақбасов жеңіліске мойымайтынын айтаты.

Шерхан Жалпақбасов – турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:

– Бапкерімнің айтқанымды тыңдау керек едім. Енді алағы жарыстарда мұндай қателіктерді жібермеуге тырысамын.

Петропавлда Камиль Сафинді еске алу турнирін өткізу дәстүрге айналған. Осындай байрақты дода 7-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатыр. Оған Қазақстанның 9 облысынан 80-ге жуық мықты боксшы жиылған екен.

Қуаныш Қауашов – турнирдің бас төрешісі, Қарағанды қаласы:

– Республикалық турнир Камиль Сафинді еске алуға арналған. Мұнда 2002-2003 жылғы боксшы жігіттер қатысуда.

Айта кетейік, дүбірлі дода 5 күнге жалғаспақ. Турнирдің қорытындысы бойынша жеңімпаздар кубок, медаль және грамоталармен марапатталады.

 

Ешкенова Дана