Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір кәсіпкерлеріне қолдау көрсетілуде

Үстіміздегі жылдың соңына дейін отандық іскер жандар бақылау-кассалық машинасын орнатулары қажет. Жалпыға ортақ талап орындалмаған жағдайда кәсіпкерлерге 5-тен 50 АЕК аралығында айыппұл салынбақ. Сондай-ақ, мемлекет алдында берешегі бар жандарға жеңілдіктер де қарастырылған.

Бидай, арпа, сұлы, жасымық, асбұршақ, кебек және көкөністер. Өңірде ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны қызу. Бүгінде жері құнарлы аққайыңдар өлкесінде дақылдардың сан түрі өсіріледі. Олардың 19-ы тұрақты түрде өзге елдерге экспортталады. Шекара асатын тауардың негізгі бөлігі Өзбекстан, Иран, Тәжікстан мен Ауғанстан сынды мемлекеттерге жіберіледі екен. Үстіміздегі жылдың 10 айында сыртқы сауда айналымы 490 млн АҚШ долларын құрап отыр.

Руслан Рақымберді – СҚО мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:

– Экспортқа шығарылған тауардың құны 406 млн АҚШ долларын құрады. Айналым көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,2 пайызға өсіп отыр. Сондай-ақ, импортталатын тауарлардың да көлемі артуда. Негізінен, өңірге өндіріс жабдықтары, сүт өнімдері, асылтұқымды ірі қара, гүл, өсімдіктерді қорғау құралдары көптеп әкелінеді.

Осы орайда кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға. Үстіміздегі жылдың соңына дейін отандық іске жандар бақылау-кассалық машинасын орнатулары қажет. Мұны кез келген азамат жасауы тиіс. Бұл ретте бизнесмендердің пікіріне кезек берейік. Олар қондырғыны сатып алу, оған арнайы бағдарламаны орнату және банк қызметтерін төлеу біраз қаржыны талап етеді дейді. Шынымен де әжептеуір ақша жұмсалады. Бірақ, мәселені шешуде мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі.

Наталья Некрасова – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы:

– Өңірде салық төлеуші кәсіпкерлердің саны 13 мыңға жуық. Олардың барлығы жыл соңына дейін бақылау-кассалық машинасын орнатулары тиіс. Сонда азаматтарға мынандай көмек көрсетіледі. Егер тұлға қондырғыны алса, жылдық жеке кіріс салығынан 60 мың теңге шегеріліп алынады. Бірақ, іскер жанның жеке кіріс салығы 120 мың және одан жоғары болуы тиіс.

Ал жалпыға ортақ талап орындалмаса ше? Онда кәсіпкер бақылау-кассалық машинасын орнатуға міндеттеледі әрі 5-тен 50 АЕК аралығында айыппұл төлейді. Бүгінге дейін шамамен 1300 адам ғана заманауи қондырғыны пайдалануды бастапты. Тұрғындар Жаңа жылға дейін салықты да толық төлегендері жөн. Сонда өсімпұл автоматты түрде жойылады. Бүгінгі күндей дейін мұндай жеңілдікті жүздеген шағын және орта бизнес өкілі пайдаланыпты.

Гүлнәр Қадірбекова – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы:

– Бүгінгі күні 845 салық төлеушінің немесе 1080 жеке шот бойынша жинақталған 136,5 млн теңге өсімпұл есептен шығарылды. Және 1 салық төлеушінің 500 мың теңге сомасындағы айыппұлы жойылды.

Айта кетейік, мұндай жеңілдік тек шағын және орта бизнес өкілдеріне қарастырылған. Әлі облыста 195 кәсіпкер салықты өтеп, өсімпұлдарын жоя алады. Осындай мүмкіндікті жеке тұлғалар да пайдалана алады. Негізі, бұл науқан елімізде 3 айдай уақыт бұрын басталды. Содан бері 14 мың солтүстікқазақстандықтың 64 млн теңгені құрайтын өсімпұлы есептен шығарылған.

Маржан Касымбек