МТРА жаңалықтары

Биыл Есіл аудандық ауруханасы жаңа қондырғылармен толықты

Биыл Есіл аудандық ауруханасы жаңа қондырғылармен толықты. Заманауи құрылғыларды сатып алу үшін 43 млн теңге жұмсалған.

Есіл ауданының әкімі Алтынбек Абдоллаевтің айтуынша 15 елді мекеннің тұрғыны «Есіл су» кәсіпорнының магистралі арқылы тартылған тіршілік көзін пайдаланып отыр. Биыл аудан бойынша 9 ауылда ескі су тарту желілерін қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілген. Яғни, 70 шақырым су құбыры жөнделіп, колонка мен гидранттар орнатылыпты.

Алтынбек Абдоллаев – Есіл ауданының әкімі:

– Су ауылдарда бар, бірақ ол – сол жердегі құдықтардан алып жатқан сулар. Бұрынғы құбырдың ішіне жаңа пластик құбыр кіргізіп, сол арқылы ауылдарға су берілді.

Атқамінердің айтуынша алдағы жылы тағы 8 елді мекеннің сумен қамту жүйесін жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Осылайша тұрғындардың дені сапалы тіршілік көзімен қамтамасыз етіледі деп сендірді Алтынбек Абдоллаев.

Ауданда оңтүстіктен қоныс аударушыларға арналып 35 үй салынып жатыр. Биыл мұнда 48 отбасы көшіп келген екен. Сонымен қатар, Явленка селосында 27 пәтерлі баспананың құрылысы жүргізілуде. Жаңа нысан сол жерде үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Оны 2020 жылы қолданысқа тапсыру жоспарланған.

Ел Президенті өзінің сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау жүйесінің толық материалдық-техникалық жабдықталуын қамтамасыз ету қажет деген болатын. Осы орайда Есіл аудандық ауруханасына жаңа медициналық қондырғылар әкелініпті.

Алтынбек Абдоллаев – Есіл ауданының әкімі:

– Биыл аудандық ауруханаға заманауи медициналық қондырғылар сатып алынды. Олар: өкпені жасанды желдету құрылғысы, наркозды тыныс алу аппараты, булы стерилизатор мен операциялық шам. Мұның барлығына 43 млн теңге жұмсалды.

Сондай-ақ, ауруханада цифрландыру үрдісі қолға алынған. Мәселен, бүгінге дейін кеңжолақты интернет желісі тартылып, электронды кезек мәселесі реттелген.

 

Бердимурат Баймухан