Халық тарих толқынында

Бауырластар зиратының топырағы Мәскеу қаласына жөнелтілді

Облыс аумағында Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер жерленген 7 бауырластар зираты бар. Молаларда жатқан марқұмдар отты жылдары қаламыздағы эвакуациялық ауруханаларда көз жұмған. Бүгін Ресей елшілігінің өкілі жауынгерлер жерленген жердің топырағын арнайы капсулаға салып алып, Мәскеу қаласына алып кетті. Бауырластар зиратынан алынған топырақ “Патриот” тарихи мемориалдық кешеніне жеткізіледі.

Петропавл қаласында Ұлы Отан соғысы жылдарында 3 эвакуациялық госпиталь болған. Ауруханаларда 70-ке жуық дәрігер күні-түні көз ілмей қызмет етті. Олар қан майданда жараланған жауынгерлерді емдеді. Бірақ, солдаттардың біразы алған жарақаттың ауырлығынан сол жерде қайтыс болған.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– 3 госпиталь болды. Сол госпитальда 2 мыңға жуық жауынгер ем алды. Бірақ, 447 азамат ем қонбай қайтып кетті. Бүгін сол кісілерді еске алу үшін жиналып отырмыз.

Сол отты жылдары ажал құшқан батырлар Петропавл қаласында жерленген. Қазіргі күні шаһарымызда жауынгерлердің 7 бауырлас зираты бар. Бүгін әр зираттың топырағы салынған капсула ресейлік елшілердің қолына табыс етілді.

Петр Вагин – Қазақстандағы Ресей елшілігі жанындағы қорғаныс мәселелері жөніндегі атташенің аға көмекшісі:

– Ресей Федерациясының қорғаныс министрлігі Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Еске алу жолы» деп аталатын жобаны қолға алды. Мәскеу қаласында  Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлерді еске алуға арналған «Патриот» саябағы бар. Соның тарихи мемориалдық кешенінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ресейден тыс елдерде солдаттар жатқан жердің топырағын осылай капсулаға салып алып, Мәскеудегі саябаққа жеткіземіз.

Сонымен қатар, жауынгерлердің анкеталық деректері мен суреттері жинастырылып жатыр. Болашақта оның барлығы арнайы сайтқа енгізіледі. Және әр адам сол сайттың ішінен өз туысының аты-жөнін таба алатын болады. Шара барысында солдаттардың аты-жөні мен суреттері жапсырылған альбом капсуламен бірге ресейліктерге табысталды.
Аталарымыз тыныштық пен бейбіт өмір жолында күресіп, ел болашағы үшін жанын берді. Өскелең ұрпақ та батырларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпай, жадында сақтап жүрулері керек. Бұл жастардың санасына патроиоттық сезім ұялатып, рухын көтереді дейді «Жас Сарбаз» әскери патриоттық қозғалысының төрағасы Әкімжан Төлебай.

Әкімжан Төлебай – «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы СҚОФ төрағасы:

– Бүгін батырларымызды еске алатындай керемет күн туып тұр. Өйткені, олар да өз кезінде жастар болды. Сол жас бола тұра соғысқа барып, кеуделерін жаудың оғына төсеп, біздің болашағымыз үшін ажал кешті. Біз, жас сарбаздар осындай ерлікті ұмытпай әрқашанда еске алып жүруіміз керек.

Шара соңында жиналғандар 314-ші атқыштар дивизиясы ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, жаумен бейбітшілік үшін арпалысқан жауынгерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Жалпы, Қазақстан бойынша 15 бауырластар зираты бар. Бұған дейін мұндай топырақ салынған капсуланы табыстау рәсімі Көкшетау мен Қарағанды қаласында өтіпті.

 

 

 

Бердимурат Баймухан