МТРА жаңалықтары

Шаһарда “Ауыл” партиясының мүшелері есеп берді

Облыс орталығында “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясының есеп беру конференциясы өтті. Жиын барысында соңғы 4 жылда атқарылған шаруа қорытындыланып, алдағы жұмыс жоспары сөз болды.

Ауылдық елді мекенде тұратын ағайынның тұрмысын жақсарту. Бұл – “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясының басты мақсаты.

Бүгінгі басқосуда ұйым филиалының төрағасы Иван Кендюх 2015-2019 жылдар аралығында осы бағытта атқарған жұмыстарын жіпке тізді.

Иван Кендюх – “Ауыл” ХДП партиясы СҚОФ төрағасы:

– Соңғы 4 жылда партия 4 мәселе бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Экологиялық таза тағам өндірісі мен жалпы, ғылым саласын дамыту керек. Ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамту мәселесі де өзекті. Және де ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту ісі бір жолға қойылуы тиіс.

Жалпы, осындай жиындар еліміздің барлық аймақтарында өтуде. “Ауыл” партиясының өкілдері өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын республикалық деңгейде талқыламақ. Жиынға қатысқан ұйымның төрағасы Әли Бектаевтің айтуынша партия елдегі агроөнеркәсіптік кешенді, шағын және орта бизнесті дамытуға ат салысып, жастарды ауылға тарту бойынша бастамалар көтеруі тиіс.

Әли Бектаев – “Ауыл” ХДП партиясының төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Партия қол қусырып отырмауы тиіс. Барлық проблемаларды көтеріп, олардың шешу жолдарын іздестіру қажет.

Айта кету керек, ұйым мүшелері өз пікірлерін елордада қарашаның 27-сі өтетін “Ауыл” партиясының 16 съезінде ортаға салмақ.

 

Ешкенова Дана