МТРА жаңалықтары

Петропавлда 4 жасар бала 5-ші қабаттан құлап кетті

Петропавлда жаға ұстатарлық жағдай болды. Жексенбі күні баспананың 5-ші қабатындағы терезеден 4 жасар балғын құлап кетті. Бұл – өңірде үстіміздегі жылы орын алған осымен 4-ші оқиға.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Кеше, қарашаның 24-і Амангелді көшесінің бойындағы мына үйдің 5-қабатынан бүлдіршін құлады. Оқиға күндізгі 12 шамасында орын алған. 4 жасар бала бірден ауруханаға жеткізіліпті. Қазір жергілікті ақ халаттылар балғынды өлімнен арашалап қалу үшін барларын салуда.

Ауруханаға бүлдіршін аса ауыр халде жеткізілген. Дәрігерлер балғынға бірден ота жасапты. Операцияның барысында мамандар сол жақ самайындағы батыңқы сынуды орнына келтірген. Ол қазір ес-түссіз жан сақтау бөлімінде жатыр. Бір тәуліктің ішінде балғын есін жимапты. Бүлдіршіннің жағдайы әлі де аса ауыр деп танылуда. Дәрігерлер алдын ала болжам құруға да өте қиын дейді.

Олег Завьялов – облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Баланың бас сүйегі мен миына зақым келген. Миы қатты соғылған. Одан бөлек, балғынның өкпесі жарақаттанған. Жағдайы аса ауыр болғандықтан, біз оны жасанды комаға түсірдік. Қазір бүлдіршін дәрігерлердің бақылауында.

4 жасар бүлдіршіннің терезені ашуына не себеп және ата-анасы қайда болды деген заңды сұрақ туындайды. Бұл ретте оқыс оқиғаның орын алуына байланысты бірнеше болжам бар. Бірі бала жатын бөлменің терезесінен достарын көріп, сөйлескісі келді деседі. Сол уақытта москиттік торға сүйеніп, жерге құлдилаған. Екінші нұсқаға сүйенсек, балғынның назары үцден шығып кетіп бара жатқан әкесіне ауған. Тәртіп сақшыларының ақпаратына сәйкес, кішкентай қала тұрғынының анасы үйде болмапты. Ал әкесі пәтерден аз уақытқа шығып кеткен. Бұл ретте құтқарушылар ата-аналар қауымына барлық сақтық шараларын қаперде ұстауды ескертеді.

Нұрлан Құлбаев – СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығының уақытша міндетін атқарушы:

– Ең бірінші кезекте, балаларды жалғыз қалдыруға болмайды. Терезе мен балконға жақын жерде ойнап жүрген бүлдіршіндерді көзден таса қылмаған жөн. Ең дұрысы – есігінің тұтқасын бұғаттау қажет. Не болмаса мүлдем алып тастау керек. Тағы терезе сыртынан темір тор орнатуға орнатуға болады.

Айта кету қажет, бұл өңірде үстіміздегі жылы орын алған осымен 4-ші оқиға. Жаз мезгілінде көпқабатты үйдің терезесінен 3 бүлдіршін құлап, көз жұмған болатын.

 

Эльмира Садвокасова