Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қоныс аударушыларға жасалған жағдай

Биыл Аққайың ауданына оңтүстіктен 51 отбасы қоныс аударған. Қазір оларға арналып жаңа үйлер салынып жатыр. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасып таппақ. 2020-да ауданға тағы 50-ден астам жанұя көшіп келеді деп жоспарланып отыр.

Жыл басынан бері Аққайың ауданына еліміздің оңтүстік өңірлерінен 51 отбасы қоныс аударыпты, яғни 200-ге жуық адам. Қазіргі күні олар толық жұмыспен қамтылған. Көбісі өз мамандықтары бойынша қызметке орналастырылып жатса, кейбірі мемлекеттің қолдауына жүгініп кәсіп ашуда. Және олар үшін салынып жатқан 32 баспананың құрылысы аяқталуға жақын.

Рүстем Елубаев – Аққайың ауданының әкімі:

– Аққайың ауданында биыл 32 үй салынып жатыр. Бүгінгі күні оның 22-сі дайын тұр. Біз оларды конкурстық жүйе бойынша көпбалалы отбасыларына беріп жатырмыз. Осы қараша айында ол жұмысты бастадық. Енді желтоқсанның 15-іне дейін үйдің барлығын салып бітіріп отбасыларын кіргіземіз.

Келесі жылы Аққайың ауданына тағы 54 жанұя қоныс теппекші екен. Бұл бағыт бойынша қандастарымыз үшін дәл осыншама баспана тұрғызылады.

Ел Президенті өзінің сайлауалды бағдарламасында 2022 жылға дейін еліміздегі барлық апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешеміз деген болатын. Осы орайда Аққайың ауданы бойынша 12 мектеп күрделі жөндеуден өткен. Оған облыстық бюджеттен 425 млн теңге бөлініпті.

Рүстем Елубаев – Аққайың ауданының әкімі:

– Біраз мектеп күрделі жөндеуден өтті. Әйнек, шатырларын ауыстырдық. Енді қазір облыс әкімі тапсырма беріп жатыр. Олардың ішкі құрылысын жасау керек деп.

Осы орайда келесі жылы тағы 8 мектеп күрделі жөндеуден өтпек. Қазіргі күні оған қатысты жобалық-сметалық құжаттама дайын тұр.

Сондай-ақ, жол мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Үстіміздегі жылы аудан бойынша 50 шақырымнан астам жол қалыпқа келтірілген екен.

 

 

Бердимурат Баймухан