Денсаулық сақтау

Көктайғақтың салдары

Сақтансаң, сақтаймын! Қазір автобустан түскенде де аяқты жерге аңдап басу керек. Көктайғақ белең алған уақытта жарақат алу жағдайлары жиілейді. З-ші қалалық ауруханаға сенбіден бері тайып құлап, қол-аяғын сындырып алған 130-ға жуық адам жүгінген.

Альфия Жұмабаева – Петерфельд селосының тұрғыны. 2-ші қалалық ауруханада фельдшер болып қызмет етеді. Нәзікжанды күн сайын Петропавлға қоғамдық көлікпен қатынайды. Күнделікті тірлікпен жұмысына бара жатқан ақ халатты жан бүгін автобустан түсе бере аяғы тайып кетіп, құлап түскен.

Альфия Жұмабаева – Петерфельд селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Автобустан түсе бергенімде құлап түстім, қолым қатты ауырды. Орнымнан өздігімнен тұра алмадым, бір жігіт көмектесті. Ауруханда жұмыс істейтіндіктен сынғанын бірден түсіндім. Шынымен, жабық күйдегі сынық екен. Енді 1 ай бойы гипспен жүремін.

Ал Елена Кочетова болса, жарақат бөліміне ұлының құрбысын алып келіпті. Жарақат алған қыз жергілікті колледждердің бірінде оқиды. Ол да бүгін оқыс оқиғаға тап болған. Бұрымды жаяу жүргінші жолынан өте берем дегенде аяғы тайып, құлаған екен.

Елена Кочетова, қала тұрғыны:

– Ол бастапқыда құлағанына қатты мән бермеген екен. Анасы жақпа май жаққан, кейін ауырғаны басылмаған соң ауруханаға бармақшы болыпты. Дәрігерлер тізе буынының менискусының жарылуы деген диагноз қойды. Ана болған соң уайымдап тұрмын. Мынадай көктайғақта абайлап жүру керек.

Жалпы, бүгінгі күні түске дейін 3-ші аурухананың жарақат бөліміне келген адамдардың саны 15-ке жуықтаған. Жапа шеккендердің жастары да, алған жарақаттары да әр түрлі.

Валерий Грибашов- 3-ші қалалық ауруханасы жарақат зардабын емдеу пунктінің меңгерушісі:

– Егде жастағы жандардың 4-уінің жамбасы сынған. Иығы шыққан адамдар да келді. Ал көп кездескен жарақат түрі -аяқ-қолдың сынуы мен тобықтың шығуы. Келушілердің жарақаттарының деңгейлері әр түрлі. Бірінің шығып кеткен тұсын бірден орнына салуға болады, ал енді біріне ота жасауға тура келеді.

Ауа райы құбылмалы. Бірде аяз күшейсе, бірде күн жылынып кетеді. Еріген қар ақыры қатып қалады. Үстіне жауған үлпілдек ақ ұлпаны адам басып қалғанда аяқ киімі мықты болмаса, әп-сәтте құлап-жығылуы мүмкін.

– Көшеге құм аралас тұз себу керек. Әсіресе, балаларға жолдан өтерде абай болу қажет.

– Қоғамдық көлік жүргізушілері жылдамдықты кішкене баяулатулары қажет. Аялдамаға тоқтаған кезде де асықпай, тұрғындар толық түсіп-мінгеннен кейін ғана қозғалуы тиіс.

Сенбіден бері 3-ші қалалық аурухананың жарақат бөліміне 130-ға жуық адам жүгінген.

Актолкын Солтанханкызы