Қоғам

«Халық заңгері» атты республикалық акция өтті

Қала тұрғындары заң мамандарынан тегін кеңес алды. Облыс орталығында «Халық заңгері» атты республикалық акция өтті. Шара барысында 30-дан астам маман  3 сағаттың ішінде  100-ден аса азаматты қабылдап, сұрақтарына жауап берген.

Жер, үй, салық төлеу және өзге де мәселелер. Әр сала өкіліне келіп жолығып жатқан тұрғындар сан түрлі сұрақ қоюда. Сауалдың жауабын іздеп табалдырық тоздырудың қажеті жоқ. Қалаған тұлға осы жерден табылады. “Халық заңгері” республикалық акциясына өңірден 30-дан астам маман қатысуға ниет білдіріпті. Мемлекеттік қызметшілер, заңгерлер мен адвокаттар. Олар әрбір азаматтың мәселесіне қатысты тегін кеңес беріп жатыр.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Қазір бүкіл Қазақстан бойынша тұрғындарға тегін құқықтық, заңдық кеңес беріледі. Мұндағы мақсат – халықтың заңдық деңгейін көтеру. Ол халыққа үлкен көмек болады деп ойлаймын.

Сергей Саморуков азаматтық құқық жөнінде білгісі келген. Нақты не турасында екенін ашылып айта қоймады. Жалпы, жеке өзі үшін шараның зор пайдасы тиіпті. Уақытым зая кеткен жоқ, сұрағыма нақты жауап алдым деді.

Сергей Саморуков – қала тұрғыны:

 – Мына акция жақсы ойластырылған екен. Қаланың ортасына түрлі маманды топтастырған. Ешбір мекемені аралап, заңгер іздеудің қажеті жоқ. Небәрі 10 минуттың ішінде тұшымды жауап алдым.

Жалпы, «Халық заңгері» акциясы барысында 3 сағаттың ішінде мамандарға 100-ден астам азамат жолығыпты. Ұйымдастырушылар бұл шараны жылына бір рет емес, енді әр ай немесе маусым сайын өткізуді көздеп отыр.

 

Бердимурат Баймухан