ТЖ

Демалыс күндері орын алған төтенше жағдайлар

Үстіміздегі жылы өңірде 600-ден астам өрт фактісі тіркелді. Оқыс жайттардың дені қарапайым ережелерді сақтамаудың салдарынан орын алған екен. Соңғы оқиғалардың бірі жексенбі күні қалада тіркелді. Пәтер ішінде темекі шеккен нәзікжанды ұйықтап кеткен болуы керек, үйдің ішінен оның жансыз денесі табылды. Тағы бір тұрғын жансақтау бөлімінде жатыр.

Солтүстікқазақстандық өрт сөндірушілер үшін өткен апта оңайға соқпады. Аққайыңдықтар арасы 40 минут болатын екі бірде қызыл жалынмен арпалысты. Ал шаһардағы құтқарушылар үшін демалыс күні тынымсыз болды. Назарбаев көшесіндегі 258-ші үйдегі пәтерлердің бірі жанып жатқаны туралы хабар өрт сөндірушілерге кешкі 11-ден 14 минут кеткенде жетіпті. Мамандар бірден төтенше жағдай орын алған жерге беттеген. Анықталғандай, қызыл жалын 2-ші қабаттағы 2 бөлмелі пәтерді шарпыған.

Нұрлан Құлбаев – СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының уақытша міндетін атқарушы:

– Мамандар оқиға орнына жеткенде пәтердің есігі бұзылған болды. Куәгерлер қою түтінді көргенде тұрғындарды шығарамыз деп ұмтылған. Осылайша, азаматтар екінші топтағы мүгедекті құтқарып қалды. Ер адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Ол масаң күйде болыпты. Тағы пәтерден 1974 жылғы әйелдің денесі табылды.

Тілсіз жауды ауыздықтамас бұрын құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялауға кіріскен. Далаға 25 адам шығарылыпты. Тағы 4-ші қабаттан 3 тұрғын жеделсаты арқылы қауіпсіз жерге жеткізілген. Кейін өрт сөндірушілер 25 шаршы метрге жайылған қызыл жалынды ауыздықтады. Алдын ала болжам бойынша тілсіз жау пәтер ішінде темекі тартудың салдарынан орын алған. Ал кеше түс уақытында жеткен хабар бойынша шаһардағы әрбір бөлімше іске кіріскен. Осылайша, қаланың жер-жерінен техника мен жеке құрамдар «Маслодел» серіктестігінің элеваторына аттанды. Кәсіпорын қауіптілігі жоғары нысандардың қатарына кіреді екен.

Нұрлан Құлбаев – СҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының уақытша міндетін атқарушы:

– Қызыл жалын шыққан элеваторға беттеп бара жатқан кезде кішігірім жол-көлік оқиғасы орын алды. Өрт сөндіруші көлік пен жеңіл машина соқтығысты. Барлығымыз білетіндей апаттық дабыл қосылған техникаға темір тұлпарлар мен жаяу жүргіншілер жол берулері қажет. Қазір құзырлы органдармен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Жалпы, жыл басынан өңірде 627 өрт оқиғасы тіркеліпті. Қызыл жалын 37 адамның өмірін жалмаған.

Эльмира Садвокасова