Аптадағы маңызды жаңалықтар

Вице-премьер Бердібек Сапарбаев іссапармен өңірге келді

Өткен аптада өңірге Премьер-Министр Асқар Мамин келіп кеткен еді. Ал бүгін іссапармен оның орынбасары Бердібек Сапарбаев ат басын бұрды. Вице-премьер ең алдымен ауылдарды аралап, халықпен кездесті, тұрғындардың өтініштерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Ал Бескөлдегі жүздесуде Бердібек Сапарбаев кей отандастарға мемлекеттік жәрдемақыларға ғана үміт арта бермей, жұмыс істеуге кеңес берді.

Әуежайдайн шыққан кортеж Бәйтерек ауылының көшесімен беттеп келеді. Өлкедегі іссапарын Вице-премьер осы елді-мекеннен бастады. Ауыл шетіндегі мына екі үйде түстіктен қоныс аударғандар тұрады. Сапарбаев мырза оларға құдайы қонақ болып барды.

Бәйтеректегі жаңа үйді Насыровтар отбасы қазанда алған. Көңілден шықты дейді. Жанұя Қазығұртта баспанасыз, жұмыссыз отырғанша, солтүстікте жағдайды түзеткенді жөн көрген.

Руслан Насыров – қоныс аударушы:

– Мен жүргізуші болып жұмыс істеймін. Петропавл мен Қарағанды арасына жүк тасимын. Солай бір ай жұмыс жасап жүріп осы жаққа отбасымды алып келдім. Бұл жер ұнап жатыр. 2 балам бар. Қызым даярлау сыныбында оқиды, ал ұлым 1 жаста. Әйелім болса үйде.

Вице-премьер Бәйтеректегі мектепке де соқты. Көрме тамашалады, балалармен тілдесті, әдеттегідей жағдайларын сұрастырды. Ал фойеде мейманды ауыл ақсақалдары мен тұрғындар күтіп тұр екен. Амандық-саулықтан соң әңгіме ауаны келудегі мақсатқа ауысты.

Бердібек Сапарбаев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Ауылдарыңыздың жағдайын білейін деп арнайы келдік. Қандай да бір шешілмей жатқан мәселелер болса соған көмектесу үшін.

Бәйтерек тұрғындарының билікке өкпесі жоқ. Үймен қамтыды, мектептерін салып берді. Бірақ, сол мектеп жасына жетпеген кішкентай балақайларға енді бір балабақша керек дейді бұқара.

Серік Нұрақаев – Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Жаңа ғимаратта 300-дей бала оқиды. Биыл төртінші жыл қатарынан түлек шығады. Бірақ, бір мәселе – бұл жерде балабақша жоқ. Соған көмектессеңіз. Ал халықтың жағдайы жақсы. Ағайындар ақырын-ақырын келіп жатыр. Қазір осында 2 мыңнан астам халық бар.

Бердібек Сапарбаев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Бұл елді мекен болғаннан кейін мұнда міндетті түрде мектеп, балабақша, медпункт болу керек. Және жарығы, суы, жолы дегендей. Биылғы жылды жаман аяқтамайтын шығармыз. Енді келесі жылға дейін қазір атқарылып жатқан жұмыстар бар. Осы жүріп жатқан шаруалардың барлығын ары қарай жалғастыру керек.

Ал бұл енді Бескөлдегі жиын. Мінбер басынан сөз сөйлеп тұрған Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовты Қызылжар жұртшылығы ұйып тыңдауда.

Біржан Нұрымбетов – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Қазіргі күні атаулы әлеуметтік көмекті Қазақстан бойынша 448 мың жанұя алып жатыр. Ал Солтүстік Қазақстан өңірінде – 6 мыңнан астам отбасы. Мұның бәрі – халыққа деген жақсы қолдау.

Министр сол атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тәсілін түсіндірді. Негізі, мемлекеттен осы қаржылай қолдауды алып алып отырған жанұялардың 60 пайыздан астамы көпбалалылар екен. Сондықтан, Үкімет 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға бөлек жәрдемақы төлейміз деп шешіп отыр.

Біржан Нұрымбетов – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Ол табысқа тәуелсіз, яғни барлық көпбалалы отбасыларға беріледі. Жәрдемақының мөлшері балалардың санына байланысты болады. Мәселен, 4 баласы барлар 42500 алады, ал бала саны 5-еу болса 53125 теңге төленеді. Өзге жанұяларға Атаулы әлеуметтік көмек баяғыша төленетін болады, бірақ ай сайын емес, тоқсан сайын.

Бұл өзгерістерді билік еріккеннен ендіріп жатқан жоқ дейді Нұрымбетов мырза. Жаңа формат атаулы әлеуметтік көмектің тек мұқтаждарға берілуін қамтамасыз етеді. Ашық айту керек, жап-жақсы табысын жасырып, жағдайым нашар деп алдап, жәрдемақыны әділетсіз қалтасына басқандар көп. Мысалдар жететін.

Біржан Нұрымбетов – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Бір облыста ер азамат табысым мүлде жоқ деп, атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеген. Кейін тексергенде оның 850 бас ірі қарасы бар болып шықты. Білдей бір шаруа қожалығын ұстап отыр екен. Тағы бір облыста жеке кәсіпкер айына 12 млн теңге табатын көрінеді. Бірақ, сол табысын жасырып, атаулы көмек алып келген.

Осындайлардың салдарынан шынымен де жағдайы төмен, көмекке зәру жанұялар жәрдемақыдан қағылып отыр. Енді бұған жол берілмейді – бұл бір. Екіншіден, атаулы көмек алу үшін отбасының еңбекке қабілетті мүшесі енді еңбек етуі керек. Егер ол билік ұсынған дайын жұмыстан бас тартса, бүкіл жанұя көмектен айырылады. Мемлекеттің мойнына мініп алып, тек талап етуді білетін азаматтарға Вице-премьер жұмыс істеуге кеңес берді.

Бердібек Сапарбаев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Мемлекет қолдау көрсеткенде оны ешкім байқамайды, кейін “көмектеспей жатыр” деп шағымданады. Жәрдемдесіп жатыр мемлекет, бірақ сол жәрдемді дұрыс пайдалана білу керек. Егер 12 мүшең сау болса, неге жұмыс істемей, биліктен ақша алып үйде жатуың керек? Ауылда тұрасың ба, қалада ма – оның айырмашылығы жоқ, несие рәсімде, грант ал, соған ісіңді баста. Кім кедергі?

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов та мұнымен келіседі. Кеше ғана ол азаматтарды қабылдап еді ғой. Сонда тегін пәтер сұрап келгендер көп болды дейді әкім.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Бір ауданнан 4 баласы бар жастар келіп отыр. Олар үй керек дейді. Өздері қара жұмысшы болып еңбек етеді. Неге кредит алып, неге іс бастамайсың деп сұрадым. Бірақ, ол кредит алсам АӘК-тен айырылып қаламын ғой. Одан да осылай отыра бергенім артық дейді. Бұл дұрыс емес қой.

Вице-премьер қатардағы халықтың көкейдегі сұрақтарына да жауап берді. Президент жолдауда зейнетақы салымдарының бір бөлігін алып, жұмсауға мүмкіндік беру жағын айтқан еді ғой! Бұл қашан мүмкін болады? Көп сауалдың бірі – осы.

Бердібек Сапарбаев – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

 – Біз қазір мұны ойластырып жатырмыз. Азамат жинаған ақшасын қолдана ма, алмай ма – бұл оның шотындағы сомаға байланысты болады. Өйткені, мемлекет әр адамның қартайғанда жақсы зейнетақы алуын қамтамасыз етуі керек.

Яғни, егер зейнетақы шотында қаржы жеткілікті болса, бір бөлігін ал да, пәтер алуға, білім алуға не емделуге жұмсай бер. Ал жеткізіліксіз болса, берілмейді. Бірақ, бұл әзірге тезистер ғана. Қазір үкіметтегі арнайы жұмыс тобы нақты механизмді қарастырып жатқан көрінеді.

 

 

 

 

Саят Ермек