МТРА жаңалықтары

Шаһарда “Antikor ortalygy” ашылды

Бүгін шаһарда еліміз бойынша алғашқы “Antikor ortalygy” ашылды. Ол Интернационал көшесі, 60 мекенжайында орналасқан. Мекеме жұмысының басты мақсаты – бармақ басты, көз қыстылықты болдырмау.

Мына ғимараттың құрылысы 4 ай бұрын басталған болатын. Ал бүгін міне салтанатты түрде ашылып отыр. Нысанның солтүстікқазақстандықтар үшін маңызы зор болмақ.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Бұл – республикада ашылған тұңғыш офис. Бүгінгі орталықтың ашылуы халықтың сенімін арттыруға және жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал етеді деп ойлаймыз.

Жаңадан ашылған “Антикор” орталығына кез келген адам жүгіне алады. Нақты мәселелерін айтып, мамандардан кеңес ала алады. Мекеме жұмысының басты мақсаты – бармақ басты, көз қыстылықты болдырмау болып табылады. Жалпы, ел бойынша теріскей өңірі сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөнінен екінші орында тұр.

Алик Шпекбаев – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Солтүстікте сыбайлас жемқорлықтың ең төмен деңгейі тіркеліп отыр. Себебі, жемқорлық фактілерінің санын азайту және болдырмау үшін жергілікті мемлекеттік және құқық қорғау органдары жұмыла ат салысып жатыр.

Орталық басқа да мемлекеттік органдар секілді халыққа электронды форматта қызмет көрсетуі тиіс. Оған қоса мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен әдеп нормаларын сақтау жөнінде көптеген жұмыстар жүргізілетін болады. Жалпы, жаңадан ашылған орталықта мамандар сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу және қоғамда парақорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында еңбек етпек.

Сондай-ақ, бүгін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 6-шы оқу корпусында “Адалдық мектебі” ашылды.

Наталья Побежук – М. Қозыбаев атындағы СҚУ бас комплаенс академ офицері:

– “Адалдық мектебінің” отырыстарында парақорлықпен күрес тақырыбы талқыланатын болады. Жоспар бойынша мұнда құқық негіздері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, академиялық хат негіздері пәндері бойынша сабақтар өткізілмек. Және қоғамдық індеттің алдын алу жөнінен кураторлық сағаттар ұйымдастырылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев “Адалдық мектебінің” жұмысымен жіті танысып, белсенді студенттермен тілдесті.

Алик Шпекбаев – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Осындай мектептер барлық оқу ордаларында ашылуы тиіс. Мұнда студенттерді әділ болуға және парасаттылыққа баулу қажет.

Ешкенова Дана