МТРА жаңалықтары

Азаматтарды қоғамдық қабылдау өтті

Бүгін бүкіл ел бойынша “Бірыңғай  азаматтарды қабылдау күні” жалпыреспубликалық іс-шарасы өтті. Оның аясында облыс әкімі Құмар Ақсақалов бастаған жергілікті мемлекеттік қызметшілер және құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындармен жүздесті. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында ұйымдастырылған жиында 100-ден аса жерлесіміздің мәселесі тыңдалды.

Балқия Тұрсынәлиева облыстық психоневрологиялық диспансерде 15 жылдан бері мейірбике болып қызмет етеді. Жалғызбасты ана 3 бала тәрбиелеп отыр. Азаматшаны тұрғын үй мәселесі толғандырады. Бүгін ол көкейінде жүрген проблеманы аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа жеткізді.

Балқия Тұрсынәлиева – қала тұрғыны:

– Пәтер кезегінде тұрғанымына – 13 жыл. Қазір 16-шы болып тұрмын. Кезегім мүлде қозғалмайды. Ипотека ала алмаймын. Өтелмеген несиелерім бар.

Облыс әкімі мәселені шешу жолын денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевтен сұрады.
Кезекте тұрған жандар өте көп. Тізімде дәрігерлер де, мейірбикелер де бар. Осы тұста қала әкімі Болат Жұмабеков өз ойын ортаға салды. Оның сөзінше әкімдік балансында денсаулық сақтау саласы өкілдеріне берілген пәтерлер бар екен. Қазір баспаналардың кейбірі бос көрінеді. Солардың бірін Балқия Тұрсынәлиеваға уақытша ұсынуға болады. Бұған азаматша қуана келісті. Тіпті, көзіне жас алды.

Ал Хабдрахим Биттұғұлов өзінің ғана емес, Тимирязев ауданындағы қос ауылдың базынасын арқалап келіпті. 68 жастағы қарт облыс әкіміне жолдың жағдайын жеткізбекші еді. Бірақ, жерлесімізбен облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Балахонцев жүздесіп, мән-жайды түсіндірген екен.

Хабдрахим Биттұғұлов – Жарқын ауылының тұрғыны, Тимирязев ауданы:

– 2020шы жылға Дмитриевка-Жарқын тас жолын жөндеуге 300 млн теңге ақша бөлініпті. Күн жылынғасын жөндеу басталады. Ауылымызда мектеп бар. Қазақ ауылы. Ауылдастарыма ешқайда көшпеңдер деп айтқым келеді. Жолымыз жөнделеді.

Ал мына нәзікжандылар “Дружба” бау-бақша серіктестігінен келіпті. Оларды жарық мәселесі толғандырады. Айтуларынша, қала сыртындағы үйлерге 30 жылдан бері электр энергиясы тартылмапты.

Ирина Трубникова – “Дружба” бау-бақша серіктестігінің төрайымы:

– Жарық тарту үшін биыл бізге ақша бөлінді. Жұмысқа жауапты компания мамыр айында анықталды. Бірақ, осы күнге дейін ешқандай шаруа атқарылған жоқ. Істің жақын арада жүргізілгенін қалаймыз.

Азаматшалардың базынасымен танысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов, оларға қысқа және нақты жауап берді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Дүйсенбі күні іске жауапты мердігер жұмысты бастамаса оны сотқа береміз. Осылайша бөлінген ақшаны қайтарып аламыз.

Бұл күні тұрғындардың мәселелерін облыс әкімінің орынбасарлары да тыңдады.
Асқар Сақыпкереевке “Казградстрой-НС” серіктестігінің өкілдері 1 жылдан бері жалақыларын ала алмай жүргендерін айтып жатыр. Бүгінде аталған кәсіпорынның жалпы қарызы 80 млн теңгеге жақындайды екен. Мәселені реттеуді Асқар Жоламанұлы жауапты мамандарға тапсырды.

Елена Мягких – “Казградстрой-НС” ЖШС бөлім басшысы:

–  Енді, серіктестіктің банктерде кепілдік ретінде жатқан мүлкі бар ма, жоқ па екендігі тексерілмек. Тағы, компанияға тиесілі жер учаскелері де анықталмақ. Алдағы уақытта бұларды сатып, біздің еңбекақымызды өтеу жайы қарастырылатын болады. Табысымыздың берілгенін қалаймыз. Адамдар қыруар ақшаларын ала алмай жүр.

Бүгінгі қоғамдық қабылдау барысында арна тілшілеріне аудандардан жолданған сұрақтарға да жауап алдық. Мәселен, Айыртаудағы Светлое селосында орналасқан “Жарқын-СҚ” серіктестігі әлі күнге дейін халыққа пайларын бермепті. Осының салдарынан тұрғындар малға азық таппай отыр екен. Өзекті мәселенің мән-жайын анықтау үшін ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов іске жауапты жандарға қоңырау шалды. Телефонның ар жағындағы адам бір-екі күнде тиісті жем-шөп үлестіріледі деп сендірді.

Сөз соңында айта кетейік, мұндай қоғамдық қабылдаулар жалғыз Петропавлда ғана өткізіліп жатқан жоқ. Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде осындай іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде облысымыздың аудандары да бар. Яғни, дәл қазір, осы минуттарда аудан әкімдері, бөлім басшылары және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері тұрғындармен кездесіп, олардың базыналарын тыңдап, мәселені шешу жолдарын талқылауда.

 

 

 

 

Култанов Байболат