Қоғам

“Арман” әлеуметтік қызмет көрсету орталығына – 20 жыл

Петропавлдағыбалалардың “Арман” әлеуметтік қызмет көрсету орталығына биыл 20 жыл толып отыр. Осыған орай бүгін Қалалық мәдениет үйінде мерейтойлық жиын ұйымдастырылды.

1999 жылы Петропавлда алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған “Арман” орталығы ашылады. Білім ошағының іргетасын жерлесіміз Шәміл Шақшақбаев қалаған. Ол бастапқыда 9 бен 12 жас аралығындағы 20 баланы қол астына алып оқытады. Ұл-қыздар аз уақыттың ішінде дамып, қоғамдық шараларға белсене араласа бастайды. Теріскейлік азаматтың мұндай ерлігін Елбасы Нұлсұлтан Назарбаевтың өзі жоғары бағалаған. Биыл орталықтың жұмыс істеп жатқанына – 20 жыл.

Вадим Шақшақбаев – Шәміл Шақшақбаевтің ұлы:

– Қазіргі орталық, бұрынғы мектеп-интернат ашылысымен өңірге Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев келді. Елбасы балаларды оқыту барысымен танысты, жеткен жетістіктерін көріп жоғары бағалады. Кейін еліміздің барлық облыстарында осындай нысанның ашылуын бұйырған болатын.

“Арман” әлеуметтік қызмет көрсету орталығы тәрбиеленушілерінің жеткен жетістігіне тоқтала кетсек. Мәселен, Ақжан Кәрім мүгедектердің қажеттілігін өтеуге арналған өз жобасын әзірлеген. Жерлесіміздің еңбегі жоғары бағаланып, тіпті Елбасы қорының грантын иеленіпті. Сәлімхан Сәбитов өткен жылы өңірде алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандардың автомектебін ашты.

Ал Сандуғаш Молдағалиева мен Тамерлан Айкенов арбада отырып би билейді. Олар жыл басында Қызылорда қаласында өткен республикалық бишілер байқауында ел кубогін жеңіп алған.

Сандуғаш Молдағалиева – “Арман” Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының тәрбиеленушісі:

– Мен интернатта 10 жылдан бері тәрбиеленіп келемін. Өзімнің екінші үйім секілді. Интернатта жаңа достар таптым. Болашаққа деген үмітім ашылды.

Орталықтың мерейтойымен өңіріміздің өнер ұжымдары да құттықтап келіпті. Олар әуелете ән айтып, жиналғандарға ерекше көңіл күй сыйлады.

Татьяна Лузакова – “Арман” Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының директоры:

– Бүгінде орталықта 19 бала сауықтырудан өтіп жатыр. Ұл-қыздар білімдерін қаладағы №13 орта мектепте алады. Жастардың көбі өте дарынды әрі белсенді. Кез келген іс-шараға қатысып, қоғамға тез бейімделеді.

Айта кеткен жөн, “Арман” әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 20 жылдың ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған 70-ке жуық бала тәрбиеленген.

 

 

Маржан Касымбек