Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аққайың ауданында “Ашық әкімдік” жобасы жұмысын бастады

Өңірге іссапармен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев келді. Мейман Аққайың ауданында болып, жуырда ғана жұмысын бастаған “Ашық әкімдік” қызметінің кеңсесіне барды. Таза ауыз су, жол сапасы, жарықтандыру мен құжаттарды рәсімдеу сынды мәселелермен енді осы орган мамандарының көмегіне жүгінуге болады. Мұнда 9 мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

Елена Хомуленко – Смирново селосының тұрғыны. Шамамен алты айдан соң ол зейнетке шығады. 1979 жылдан бері кітапханашы болып жұмыс істеген нәзікжанды ашық әкімдіктің мамандарына көмекке жүгінбек. Зейнетақы жүйесінде орын алған реформалардан кейін құрметті еңбек демалысының қалай рәсімделетінін білмекші.

Елена Хомуленко – Смирново селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Ашық әкімдіктің жұмысын бастағаны жақсы болды. Өзім осы маңда тұрамын. Әлеуметтік желілерден енді сұрақтарымыз бойынша мамандармен кеңесе алатынымызды көрдім. Келіп едім, тез арада қызмет көрсетті. Әйтпегенде көп уақытымды жұмсар едім.

Ашық әкімдікке қарама-қарсы әкімнің бөлмесі орын тепкен. Таза ауыз су мен жолдың сапасы сынды ұзақ уақыт бойы шешілмей жүрген мәселелер бойынша енді осында келуге болады. Аптасына бір рет қана емес, күн сайын. Аудан басшысы мен орынбасарлары енді қоғамдық қабылдауды күнделікті шаруасына қосыпты. Осылайша, тұрғындарды мазалап жүрген сұрақтар назарсыз қалмай, бірден күн тәртібіне енгізілмек.

Рүстем Елубаев – Аққайың ауданының әкімі:

– Бізде 19 мыңға жуық тұрғын бар. Халыққа ыңғайлы болсын деп жұмыс жасап жатырмыз. Қазір әрбір селолық округте өзіне-өзі қызмет көрсету орталықтарын аштық. Олардың саны аудан бойынша 11-ді құрайды. Ауылдағы ағайын мемлекеттік қызметтерді сол жерде электронды түрде ала алады.

Ашық әкімдіктің тәжірибесі теріскей өлкесіне жақсы таныс. Әсіресе, Шал ақын ауданындағы қалыптасқан жұмыс жүйесі барша ел үшін үлгі болған еді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде Петропавл қаласы мен Шал ақын ауданында ашық әкімдік жұмыс істеп жатыр. Енді Аққайыңнан бөлек, жыл соңына дейін тағы 3 ауданда ашу жоспарда бар. Себебі, бұл орган бірінші кезекте тұрғындар үшін өте қолайлы. Қоғамдық қабылдау сынды шараларды күтпей, кез келген уақытта келіп, кеңес ала алады. Әрі әрбір мемлекеттік органның табалдырығын тоздырмай, қызметке бір жерде қол жеткізеді. Бұл тағы қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік бермек.

Алик Шпекбаев – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Біз халық үшін жұмыс істеуіміз қажет. Мұндай ашық алаңдар тұрмыстық жемқорлықты жоюға ықпал етеді. Бүгінде барлық мемлекеттік қызметтердің төрттен үші электронды түрде көрсетіледі. Бұл – жақсы бастама.

Жемқорлықпен күрес жүргізудің тағы бір жолы – жалақының көлемін арттыру. Өйткені, мамандар заңбұзушылыққа ақшаның аздығынан барады дейді Алик Шпекбаев. Осы орайда 2018 жылдан бері мемлекеттік органдардың бірқатарында пилоттық жоба ретінде факторлы-баллдық шкала жүйесі енгізілген болатын. Айтарлықтай нәтиже беріп отырған айлықты есептеудің тың тәсілі енді біртіндеп өзге де өңірлерге жетпек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Селолық округ әкімдігінің бас маманының жалақысы қазір 111 мың теңге болса, енді 198 мыңға жетпек. Ал аудан әкімдігіндегі бас инспектордың еңбекақысы 138 мыңнан 267 мың теңгеге дейін өседі.

Өзгерісті аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары да байқамақ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев бірден осында ат басын бұрды. 12 жыл бұрын ашылған мекеменің жұмысы бір жолға қойылған. Сол уақыттан бері қызметкерлер жұртшылықтың тек алғысын иеленіп жүр. Ризашылығын ауыл тұрғыны Айман Қамағанова да білдірді. Нәзікжанды жеке куәлігін жоғалтып, құжатты жаңадан рәсімдеуге келіпті.

Айман Қамағанова – Смирново селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Мамандар жылдам қызмет көрсетеді. Барлығын түсіндіріп берді. Келгеніме 10 минуттай ғана болды. Қызметкерлердің жұмысына көңілім толады.

Мамандармен бірге қызмет көрсетуді өз мойнына орталықтың басшысы да алған көрінеді. Жеке кабинетке қамалмай, керісінше тұрғындарды қабылдайтын Айбат Баекиннің жұмысына Алик Шпекбаев жоғары бағасын берді.

 

 

 

Эльмира Садвокасова