Қоғам

Өз ісін ашқан петропавлдық жас қайырымдылықпен айналыспақшы

Өз ісін ашқан петропавлдық белсенді жас қайырымдылықпен айналыспақшы. Дархан Теміртас жуырда банктен қаржы рәсімдеп, оған тұшпара өндірісін қолға алған. Енді, ай сайын сол кәсіптен тапқан табысының 10 пайызын көмекке мұқтаж адамдарға беремін деп отыр. Яғни, өмірде қиын жағдайға тап болған жандар, аз қамтылған отбасылар мен балалар үйіне көмектесуге ниеті бар.

Айта кетейік, цехте 10 адам жұмыспен қамтылған. Мұнда күніне жартылай дайын тағамның 60 келісі әзірленеді.

Дархан Теміртас – кәсіпкер:

– Негізі, қалада белсенді жастар көп. Олар қолынан келгенше әлеуметтік істерге араласып, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесіп жүр. Мен осыдан 2 апта бұрын өз ісімді аша отырып, тұрақты түрде қайырымдылық жасау туралы ой түйдім. Енді ай сайын кәсіптен түскен табыстың 10 пайызын игі істерге бағыттамақшымыз.

 

 

Бердимурат Баймухан