Қоғам

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да үнді мәдениеті күндері өтуде

Дәмі тіл үйіретін тағамдар, жарқ-жұрқ еткен киім үлгілері мен ерекше әсер беретін билер. М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да үнді мәдениеті күндері бастау алды. “Жалпы медицина” мамандығы бойынша біліп алып жатқан үндістандық жастар замандастарына ұлттық дәстүрлерін көрсетіп, өнерлерін паш етті.

Әсіресе, күріш, ұн және сүттен жасалған мына тағамдарды үндістандық студенттер кеше кештен бастап әзірлепті. Негізінен ащы тамақты ұнататын шетел жастары жергілікті ұл-қыздардың көңілінен шығатындай қылып тәтті астарын дайындаған екен.

Фарух Шейх: Үндістаннан келген студенттердің тәлімгері:

– Бүгін жергілікті жастарға ұлттық тағамдарымызды ұсындық. Билерімізді көрсеттік. 1-курс студенттері бүгінгі шараға ұзақ уақыт дайындалды. Петропавл туған жерімізден әлдеқайда суық болғанымен, адамдары өте мейірімді. Өзімізді осында жайлы сезінеміз.

Үнді мәдениетін бисіз елестету қиын. Жастар бүгін заманауи да, дәстүрлі де билерін ортаға салды. Соңғы аталған бағытта “Джайпур” атты би орындалды, қыздар мың бұралып жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.

– Медицина мамандығында оқитын үнді халқының студенттері жақсы көңіл күй сыйлап жатыр. Сондай-ақ, жәрмеңке ұйымдастырыпты. Одан да ауыз тидік, өте дәмді.

– Үнді мәдениеті күндері өте қызықты өтіп жатыр. Мұндағы атмосфераны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өзіңе күш-қуат сыйлайды.

Қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да 140-тан астам үнді азаматы білім алып жүр. Оның 80-і өткен жылы келсе, қалғаны биыл оқуға түсіпті. Робин Сингх бір жылдың ішінде Петропавлға бауыр басып қалдым дейді.

Робин Сингх: М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Маған бұл қала қатты ұнайды. Универсиеттегі студенттердің барлығы қонақжай, үнемі жылы қарсы алып, хал-жағдайымызды сұрап тұрады. Ақырындап тіл меңгеріп жатырмын. Бастысы, негізгі ойымды жеткізуге тырысамын.

Университет қабырғасында үнді мәдениеті күндері қарашаның аяғынан дейін жалғаспақ. Кейін студенттер армян халқының салт-дәстүрімен танысатын болады.

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы