МТРА жаңалықтары

Ер есімі – ел есінде

Ер есімі – ел есінде. 1995 жылы қазақстандық сарбаздар тәжік-ауған шекарасында интернационалдық борыштарын өтеу кезінде қаза тапты. Бүгін Петропавлда тұрғындар 17 жауынгердің есімі қашалып жазылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, сарбаздардың рухтарына тағзым етті.

1995 жылдың көктемінде Шымкент қаласында бітімгерлік рота құрылады. Кейін батальон құрамында сәуірдің 7-сі күні Тәжікстандағы Пшихавр тау шатқалы бойындағы әскери бекетті тексеруге барады. Алайда, кенеттен қарулы моджахеттер оларға шабуыл жасайды. Отандастарымыз тұтқиылдан шап берген қарсы жақпен 5 сағат бойы алысады. Қанды ұрыста 17 жауынгер қаза тауып, тағы 33-і жарақат алады.

Сол сәтте бітімгерлік мақсатпен 20-шы рет барған жауынгерлердің арасында Ұлттық ұланның Әскери институты бастығының орынбасары Савердин Имиров та болған.

Савердин Имиров- ҚР ҰҰ Әскери институты бастығының орынбасары:

– Жалпы, Қазақстанның бітімгерлік күштері Тәжікстан елінде 8 жылдай әскери борышын өтеген. 1995 жылы әскери батальон қызмет барысында қайғылы жағдайға тап болды. Ерлікпен қаза тапқан жауынгер достарымды ешқашан ұмытпаймын.

Ескерткіш алдына жиылған жұртшылық гүл шоқтарын қойып, тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Айта кетейік, қазақстандық режиссер Асқар Ұзабаев тәжік-ауған шекарасындағы ұрыста қаза тапқан жауынгерлер жайлы фильм түсірген. Кинотуынды бүгін көрермен қауымға жол тартты.

Маржан Касымбек