Қоғам

Ақжар ауданының әкімі атқарылған істі баян етті

Аудан әкімдері ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы аясында атқарған шаруаларын баян етіп жатыр. Бүгін журналистермен Ақжар ауданының әкімі Ербатыр Мадияров жүздесті. Атқамінердің сөзінше биыл игерусіз жатқан 8 мың 520 гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылыпты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сайлауалды бағдарламасында бірқатар басымдықтарға тоқталған болатын. Солардың бірі халықтың барлық топтары үшін тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешу.
Үстіміздегі жылдың соңғы 10 айында Ақжар ауданы бойынша 2 мың 585 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріліпті. Бұл бағытқа 1 836, 5 млн тенге қаржы жұмсалған.

Ербатыр Мадияров – Ақжар ауданының әкімі:

– 32 жеке үйлер салынып жатыр және жыл аяғына дейін 12 пәтерлік 2 қабатты үй тапсырылады. Ол 9 ауылдық округте жасалды. Ал аудан орталығы – Талшықта 2 қабатты 12 пәтерлік үй және 10 жер үй.

Сонымен қатар, аудан орталығында биыл заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілейін деп отыр.
Биылдың өзінде Ақжар ауданына еліміздің оңтүстік өңірлерінен 34 жанұя қоныс аударыпты. Қазіргі күні олардың барлығы жұмыспен қамтылған. Және 30-дан астам жан жеке кәсіп ашып, екі қолға бір күрек тапқан.

Ербатыр Мадияров – Ақжар ауданының әкімі:

– Бүгінгі күні біз оларға жер бердік. Жұмыс істегісі келгендер сол жерге көкөніс егіп, нәпақаларын тауып отыр. Мал шаруашылығымен айналысамыз дегендерді де жұмыспен қамтып жатырмыз. Одан бөлек мұғалім болып келіп жатқандар да бар.

Жыл соңына дейін «Бастау Бизнес» жобасының аясында 186 азаматты кәсіпкерлікке баулу көзделіп отыр дейді аудан әкімі.

Ел Президенті өзінің сайлауалды бағдарламасында «Жер тек еңбек етемін деген адамдардың игілігінде болуы керек» деді. Осы орайда соңғы бір жылдың ішінде ауданда игерілмей жатқан 8 520 гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Бұл жұмыстарды жүргізу барысында 19 шаруашылыққа әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 

 

 

Бердимурат Баймухан