Денсаулық сақтау

Облыстық аурухана жас мамандармен толықты

Облыстық аурухана жас дәрігерлермен толықты. Емдеу мекемесіне биыл жоғарғы оқу орнын аяқтаған 4 маман жұмысқа орналасыпты. Олардың әрқайсысына аурухана әкімшілігі мемлекеттіктен бөлек, үстіне тағы 1,5 млн теңгеден көтермақы берген.

Еңбек жолын енді бастаған Ксения Беляева облыстық ауруханада сәулелік диагностика дәрігері болып жұмыс істейді. Жас маман – Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің биылғы түлегі. 9 жыл бойы білім алған: алдымен 5 жыл – бакалавриатта және 2 жыл интернатурада оқыпты. Кейін резидентураны аяқтап, осында жұмысқа орналасқан.

Ксения Беляева – облыстық аурухананың сәулелік диагностика бөлімшесінің дәрігері:

– Осында тамыздың 2-сінен бері еңбек етудемін. Ұжым мені жақсы қарсы алды. Жұмысым өзіме ұнайды. Күніне 20-30 адамды қабылдаймын. Негізі, осы жердің тумасымын. Сол себепті, университетті аяқтаған соң еш ойланбастан Петропавлға келдім.

Дәрігер-терапевт Әсем Мақтаева кезекті қабылдауын өткізуде. Жас маман өз жұмысына өте жауапты. Ол да жуырда ғана қызметке тұрған. Елордадағы жоғарғы оқу орнын аяқтаған көкшетаулық нәзікжанды жұмыс орны ретінде Петропавлды таңдаған.

Әсем Мақтаева – облыстық аурухананың дәрігер-терапеві:

– Біз сәуір айында өткен бос жұмыс орындар жәрмеңкесінде бас дәрігермен кездестік. Юрий Анатольевич маған өте жақсы еңбек шарттарын ұсынды. Менің көңілімнен шықты. Мұнда әріптестеріммен тез тіл табысып кеттім. Ұжымға айтар алғысым шексіз.

Жалпы, облыстық аурухана биыл 4 жас маманмен толығып отыр. Олар: 3 дәрігер-терапевт пен 1 сәулелік диагностика дәрігері. Барлығына да қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Қызметке тұрғандарға мемлекеттен бөлек облыстық аурухана өз қаражатынан көтермеақы берген екен.

Юрий Белоног – облыстық аурухананың бас дәрігері:

– Биыл келген мамандардың әрқайсысына облыстық аурухана 1,5 млн теңге көлемінде көтермеақы берді. Яғни жас дәрігерлердің әрі қарай еңбек етуіне барлық жағдайды жасап отырмыз. Тұратын орынмен де қамтамасыз етілед.

Дегенмен, облыстық ауруханаға тар бейінді мамандар әлі де қажет. Осы орайда әкімшілік жас дәрігерлерді тарту жұмыстарын келесі жылы да жалғастырмақ.

 

 

 

Ешкенова Дана