Спорт

Өңір зілтеміршілері халықаралық турнирден олжалы оралды

1 алтын, 2 күміс пен 2 қола. Облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары Бішкек қаласында  ауыр атлетикадан өткен 32-ші халықаралық турнирден олжалы оралды. Дүбірлі додаға 10-нан астам елден 180-ге жуық спортшы қатысқан.

Ұл-қыздар дайындыққа кіріспес бұрын ең алдымен бүгінгі күннің жоспарымен танысады. Спортшылардың қабілеттеріне қарай кімнің қанша салмақ көтеретіні белгіленеді. Одан кейін бұлшық еттерін дұрыстап тұрып қыздырады. Әйтпесе, денеге бірден ауыр күш түссе, сіңір тартылып қалуы мүмкін.

Алина Колиушконың зілтемір көтерумен айналысып жүргеніне – биыл 4 жыл. Спортшы қыз осы уақыт аралығында талай жетістікке жеткен. Мәселен, жуырда Қырғызстанда ауыр атлетикадан өткен 32-ші Халықаралық турниріне қатысып, 1-ші орынды еншілепті. Алина сайыста 87 келіге дейінгі салмақ көтеріп, 10 қарсыласынан басым түскен.

Алина Колиушко – ауыр атлетикадан өткен 32-ші Халықаралық турнирінің 1-ші орын иегері:

– Турнир мен үшін айтарлықтай қиын болған жоқ. Себебі, байқауға тыңғылықты дайындалып бардым. Ел намысын абыроймен қорғай алғаныма қуаныштымын.

Ал Жанәлі Тұяқов турнирде 55 пен 109 келіге дейінгі зілтемірді көтерген. Ол сайыста Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Ресейден келген спорт шеберлерімен бақ таластырыпты. Халықаралық додаға алғаш рет қатысқан жерлесіміз қанжығасын 3-ші орынмен майлап қайтқан.

Жанәлі Тұяқов – ауыр атлетикадан өткен 32-ші Халықаралық турнирінің 3-ші орын иегері:

– Жарыста ең кіші жастағы спортшылардың бірі болдым. Турнир мен үшін қиындау өтті. Болашақта дұрыстап дайындалып, бірінші орынды алатын боламын.

Жалпы, турнирге ел намысын қорғау үшін өңірден 5 спортшы барған. Бапкері Эрик Алибаевтың сөзінше, мұндай жетістік оның 40 жылдық еңбек жолында алғаш рет орын алып отыр екен.

Эрик Алибаев – ауыр атлетика бойынша облыстың аға жаттықтырушысы:

– ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Өңірден 5 спортшы барып, барлығы жақсы нәтиже көрсетті. Жастардың болашағынан үлкен үміт күтемін.

Айта кетейік, зілтеміршілер қазір тағы бір жарысқа дайындалып жатыр. Әзірліктерін пысықтаған соң қарашаның 17-сі мен 24-і аралығында Көкшетауда өтетін республикалық турнирге қатыспақшы.

 

 

Маржан Касымбек