Әр түрлі

Жерлесіміз халықаралық сұлулық байқауына қатысады

Петропавлдық ару Дарья Бориско халықаралық сұлулық байқауына дайындалып жатыр. Конкурс желтоқсан айында Сеул қаласында өтеді. Сайысқа қатысушы арулар 70 елден жиылмақ.

Дарья Борисконың бүгінгі таңы жаттығудан басталды. 19 жастағы ару бала кезінен спортпен белсенді айналысады. Дегенмен, бұл жолы ол дене жаттығуларын арттыра түсті. Себебі, нәзікжанды халықаралық сұлулық байқауына қызу дайындық үстінде. Оңтүстік Кореяда өтетін сайыстың басталуына бір айға жуық уақыт қалған.

Дарья Бориско – “Miss Global Beauty Queen 2019” байқауына қатысушы:

– Мен жаттығу залына аптасына 3 рет келемін. Көбіне кардиоға көп көңіл бөлемін. 3 аптаның ішінде 5 келіге жуық салмақ тастадым. Қазіргі уақытта диета ұстап жүрмін.

Сайыстың аты – сайыс. Қойылған талаптарды орындау қажет. Әсіресе, жеңіске жеткіңіз келсе. Сол себепті, қазіргі таңда Дарья таң атқаннан кеш батқанға дейін дайындық үстінде. Жаттығу залынан шыққаннан кейін бойжеткен “Томирис” сән залына жол тартады. Мұнда ол күнделікті түрде дефиле көрсету, сахнада өзін дұрыс ұстау тәртібін үйренеді.

Барлық сұлулық байқауларында арулар әсем көйлектерін паш етеді. Бұл конкурста да солай болмақ. Бірақ, онда бір емес 3 кешкі көйлек ауыстыруы тиіс. Оған қоса, сахна салтанатына айналған үздік ұлттық костюмді де қыздар жұртшылық назарына ұсынады. Бұл кезеңге Дарья үлкен жауапкершілікпен қараған. Барлық көйлектерін арнайы тапсырыспен тіккізіп жатыр.

Дарья Бориско – “Miss Global Beauty Queen 2019” байқауына қатысушы:

– Конкурс жайлы маған құрбым айтқан болатын. Сөйтіп, бағымды сынап көрейін деп шештім. Себебі, Оңтүстік Кореяға баруды бұрынан армандап жүрдім. Байқауға өтінішті Инстаграм арқылы жолдадым. Кейін ұйымдастырушылар менің поштама жазып, фотосуреттерімді жіберуді өтінді. Мен барлық талаптарды орындадым. Сөйтіп, сіз байқауға қатысуға мақұлдандыңыз деп жазып жіберді.

Дарьяның айтуынша бойында қобалжу бар. Өйткені, конкурста 70-ке жуық елдің арулары бақтарын сынайды. Miss Global Beauty Queen халықаралық сұлулық байқауы Сеулде желтоқсанның 1-і мен 15-сі аралығында өтеді. Оған қатысушылар түрлі шеберлік сағаттары мен телевизиялық шоуларға қатысады, жергілікті жұлдыздармен танысып, көрікті жерлерді аралайды.

Ешкенова Дана