Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жамбыл ауданында атқарылған шаруалар

“Динамикалық экономика – баршаға қолайлы жағдай негізі”! Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы дәл осылай аталған болатын. Қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде саяси маңызды құжатта көрсетілген мақсат-міндеттерді орындау бойынша ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Бүгін тындырылған істі Жамбыл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев журналистерге баян етті.

Өзінің сайлауалды бағдарламасында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзекті деген мәселелерді жіпке тізді. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласындағы жерлерді тек еңбек етемін деген адамдардың игілігіне беру қажеттігін айтты. Яғни, бос, игерусіз жатқан аумақтарды иелерінен тартып алып, кәсіптен нәсіп табуға ниетті жандарға беру керектігін тілге тиек етті. Бұл бағыттағы шаруа Жамбыл ауданында қызу атқарылып жатыр. Биылдың өзінде 1 мың гектардан астам алқап мемлекет меншігіне қайтарылыпты.

Мұратбек Әбішев – Жамбыл ауданының әкімі:

 – Президент жер жұмыс істейтін жандарға тиесілі болу қажеттігін қадап айтты. Біз бұл бағыттағы шаруаны біраздан бері жүргізіп жатырмыз. Мысалы, 2015 жылдан бері 23,9 мың гектар пайдаланылмайтын танап мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл 1 мың гектар алқап иелерінен алынды. Осындай жұмысты алдағы уақытта белсенді түрде жалғыстырамыз.

Оның үстіне жер шетелдіктерге тек жалға беріледі. Бүгінде осындай мақсатпен Жамбыл ауданында ресейлік “Август” компаниясы жұмыс істейді. Аталған агроқұрылымның еңбек өнімділігі де, әлеуметтік жауапкершілігі де жоғары.

Мұратбек Әбішев – Жамбыл ауданының әкімі:

 – Үш жыл бұрын “Август” деген компания келді. Баян деген қазақы ауылға орналасты. 25 мың гектарға егін егеді. Адамдарды жұмысқа алды. Қаншама жұмыс орындары ашылды. Ауылдарға көмек жасайды.

Біз еліміздің көлік-логистикалық кешенін жетілдіріп, транзиттік қуатын өсіреміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында осылай деді. Жамбыл Ресей Федерациясы және Қостанай облысымен шекараласады. Сондықтан, жол мәселесі өте маңызды. Биыл ауданда 40 шақырымнан аса трасса жөнделіпті. Іске 1 млрд-тан аса қаржы бағытталған. Бірақ, кейбір аумақтарда жұмыс сапалы тындырылмаған. Мәселен, Благовещенка-Қайранкөл тас жолындағы Новое селосы маңындағы шаруа жүрдім-бардым атқарылған екен.

Мұратбек Әбішев – Жамбыл ауданының әкімі:

 – Новое селосының жақындағанда сапасы төмендеп кетті. Оны біз уақытында көрдік. Жұмыстарды тоқтаттық. Компанияға ақша төленген жоқ. Көктемде істі қайта қараймыз.

Айта кетейік, енді өңірлік коммунициялар қызметі алаңында әр ауданның басшысы Президенттің сайлауалды бағдарламасы бойынша есеп береді. Ертең, қазанның 19-ы журналистермен Есіл ауданының әкімі жүздеспек.

 

 

 

 

Култанов Байболат