Мәдениет

Швед елшісі Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында болды

Өткен жұмада өңірімізге іссапармен Швецияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Матс Фойер келген болатын. Мейман біраз жиындарға қатысып, өзінің ой-пікірімен бөлісті.

Бұл спектакльді орыс драма театрының актерлері бір ай бұрын сахналаған болатын.
Туынды “Чудаки и зануды” деп аталады. Үзінді швед жазушысы Ульф Старктың шығармасынан алынған.

Елена Покрас – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

-“Чудаки и зануды” спектаклі екі бөлімнен тұрады. Ол көрермендердің тарапынан зор қызығушылық тудырды. Театр ұжымы бұл қойылымды өткен жылдан бері дайындаған болатын. 133-ші маусымды осы спектакльмен аштық.

Жалпы, спектакльді петропавлдықтардың жартысына жуығы тамашалап үлгерген. Қойылымда көтерілген тақырып – қазіргі кездегі бала тәрбиесі. Бір сөзбен айтқанда, үзіндіде жасөспірім мен ата-ана арасында туындайтын түсініспеушілік мәселесі мен оның себебі көрініс табады.

Жуман Муканов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:

– Қойылымнан кейін жұртшылық өздерінің оң пікірлерін білдіріп жатты. Туындыда көтерілген проблема шынымен де өзекті. Жанұяда ана мен бала арасындағы түсінбеушілік жиі кездесіп жатады. Осындай жағдайларды болдырмас үшін спектакльді балалар да көріп, бір ой түйсе дейміз.

“Чудаки и зануды” спектаклі бүгін тағы да көрерменге жол тартпақ. Көппен бірге бұл туындыны облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев тамашалауға келді. Тағы шетелден арнайы келген меймандар да бар.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Біздің театрымызда швед жазушысының шығармасы сахналанып жатқаны қуантады. Себебі, өзге де елдердің мәдениетін, өмірі мен тіршілігін білуіміз қажет. Жалпы, Қазақстан бойынша Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры ең үздіктердің қатарында. Ұжым талантты. Актерлер көптеген халықаралық ұйыммен тығыз әріптестік орнатып, біраз нәтижелі жұмыс атқарып келеді.

Швецияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Матс Фойер өз кезегінде осындай сахналық туындыларды қою арқылы өзара тәжірибе алмасуға болатынын айтты.

Матс Фойер – Швеция Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Менің ойымша, әр түрлі елдердің отбасылық дәстүрлерінде көптеген ортақ дүниені көруге болады. Әрине, тәжірибе алмасу керек, өйткені бұл елдер арасындағы достық байланыстарды нығайта түседі. Тағы басқа халықтардың мәдениеті туралы көбірек білуге мүмкіндік береді.

Театр ұжымы бұнымен тоқтап қалмақ емес. Актерлер алдағы уақытта швед жазушыларының еңбектерін сахналай бермек. Осы орайда көрермендерге тың туындыларды ұсынуды жоспарлап отыр.

 

 

 

Ешкенова Дана